Әлеумет

Көңілдерге нұр сепкен «Көктем шуағы»

Көңілдерге нұр сепкен «Көктем шуағы»

Мемлекеттік саясаттың басым бағыты – әйелдердің әл-ауқатын жақсарту

Елбасы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақордада Қазақстан әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу өткізді. Кездесуге Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы әйелдері ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаты Г.Қарағұсова, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Парламент Мәжілісінің депутаты И.Аронова, Семей қаласының инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры Ш.Құрманбаева, «Қазақ аруы-2014» республикалық арулар байқауының жеңімпазы Г.Жоланова, әртіс Б.Сүйіншәлина, «Астана Опера» МОБТ балет әртісі С.Суногава, теннисші З.Дияс, «Планета патшайымы-2014» атағының иегері А.Жұмабаева, бокстан әлем чемпионы Н.Қызайбай, «Қазақстан» РТРК балаларға арналған «Балапан» телеарнасының директоры Л.Сұлтанқызы, волейболшы С.Алтынбекова, танымал «Татьяналар триосының» қатысушылары Т.Бурмистрова, Т.Полтавская және Т.Мартыненко, «Turkvizion-2014» ІІ халықаралық ән конкурсының жеңімпазы Ж.Доғалова, көп балалы ана М.Аксиева, Қазақстан жастарының арасында «жасыл бастамаларды» ілгерілету бастамашысы Т.Немцан, әскери қызметші Д.Рысбекова, профессор, Қазақстан инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Қ.Аққошқарова, «Astana Solar» фотоэлектрлік модульдер құрастыру зауытының технигі А.Тащанова, жеке кәсіпкер А.Құрмашова, Қостанай облысынан аудандық аурухананың бас дәрігері Л.Финк, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының доценті Д.Сиваракша, «Астана Опера» МОБТ жетекші солисі С.Ахметова қатысты. Мемлекет басшысы ханымдарды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, Қазақстанның барша әйелдер қауымына бақыт, денсаулық және бақ-береке тілеп, «Тәуелсіздік жылдарында біз көп нәрсені еңсердік. Қазір елімізде береке мен тыныштық орнады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» және басқа барлық бағдарламалар осыны көздейді. Әйелдер, отбасын сақтаушы ретінде бақ-берекені ең алдымен балаларынан, дастарқанынан сезінеді, сол арқылы мемлекеттің қамқорлығын сезінеді», – деді Қазақстан Президенті. Сайлау жөнінде жеке жоспарым басқа еді Басқосу барысында Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президенттік сайлау өз жоспарына кірмегенін мәлімдеді. «Қазір сайлауалды науқан басталды. Кезектен тыс сайлау өткізу идеясын, негізінен, әйелдер қолдады. Мен бүгінде мыңдаған хат алып жатырмын. Бүгін таңертең үстелімде бір бума хат жатты, хат иелері менен сайлауға өз кандидатурамды ұсынуды сұраған. Менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтсам», – деді Назарбаев Ақордада Қазақстан әйелдерімен кездесу барысында. Мемлекет басшысы Қазақстанды көп жылдан бері басқарып келе жатқанына тоқталды. «Мен Тәуелсіздіктің бастауында тұрдым. Мүмкін, театрда айтатындай, декорацияны ауыстыратын кез келген шығар. Сингапурдың негізін қалаушы биліктен кеткенде, «неге кеттіңіз?» деп сұрадым. Ол «мен 31 жыл ел басқардым, соңғы кездері өзімді теледидардан қараған кезде, өзіме-өзім ұнамай қалдым. Мен айттым: «мүмкін, теледидар дұрыс көрсетпеген шығар?». Менде де сондай жоспар болды. Бірақ қазір халық сондай ниет білдіріп, құлшыныс, ауызбіршілік танытып жатыр. Бүгінде маған ары қарай не істеу керектігі жөнінде Сіздермен ақылдасуға мүмкіндігім бар», – деді Мемлекет басшысы кездесуге келген әйелдерге. Балаларды үш тілге үйрету керек Жоғары сыныптарда барлық пән ағылшын тілінде өтуі тиіс. Бұл туралы да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен әйелдермен кездесу барысында мәлімдеді. «Біз былай істеп жатырмыз, ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту керек болады. Ал 11-12 сыныптарда сабақтар ағылшын тілінде өтуі тиіс», - деді Назарбаев. Мемлекет басшысы Малайзияның тәжірибесін мысал ретінде келтірді. «Соғыстан кейін тәуелсіздік алып, малай тілін мемлекеттік тіл деп жариялауға шешім қабылдады. Бірақ оны әлемде ешкім білмейді. Сөйтіп қайтадан ағылшын тіліне ауысты. Сингапурда да дәл солай. Ұнайды, ұнамайды емес, бәрі сол тілде сөйлейді, барлық интернет кеңістік, барлық ІТ технология. Бізге балаларды үш тілдікке үйрету керек», – деді ол. «Бізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ол сақталуы тиіс. Біз бәріміз осы тілде оқуымыз керек. Орыс тілі – ықпалдастық тілі», – деді Президент. Артық тамақтану – денсаулыққа зиян Аталған жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды денсаулыққа мұқият қарап, спортпен айналысуға шақырды. «Денсаулықтың 12 пайызы ғана медицинаға байланысты екені дәлелденген, ал қалғаны - адамға байланысты. Көгерген су иістене бастайды. Диванның үстінде жатқанның бәрі де солай. Орныңнан тұрып, қозғалу қажет. Екіншіден, артық тамақ ішпеу керек. Әсіресе, менің замандастарым: біз артық тамақ ішпек түгілі, жейтін ештеңе болмайтын. Сондықтан екіншісі – тамақ мәдениеті», – деді ол Ақордада өткен әйелдермен кездесу барысында. «Спортпен айналыспайтын, кітап оқығысы келмейтін, сурет салмайтын, тіл үйренбейтін адам зерігеді. Бос уақытын қайда жұмсарын білмейді ...: карта ойнау, ішу, достармен қыдыру, яғни бұл адамның төменгі дәрежесі. Оларда рухани мұқтаждық жоқ. Әрине, егер оған: «Лев Толстойды ал да, оқы», десең ол сені мүлдем түсінбейді», - деді Назарбаев. Босағаларың берік болсын! Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қыз-келіншектеріне бірнеше кеңес берді. «Әйел, ең алдымен, өз балаларынан, өз үстелінен, дүкенге барғанда өз қалтасынан әл-ауқатты сезінеді. Сондықтан мемлекет халықтың әл-ауқатын ойлаған кезде, ол, ең алдымен, отбасының ұйытқысы – сіздер туралы ойлаған болып шығады. Ал біз, ерлер, сіздерсіз қайда барамыз?! Төңіректеріңізде жүреміз. Бірақ бізді де тұсаулап ұстау керек: айналып-айналып қазығын табатындай. Сонда отбасы берік болады», – деді ол. Кездесу соңында Мемлекет басшы-сы көп балалы аналарды – М.Аксиеваны Алтын алқамен және А.Жұмабаеваны Күміс алқамен марапаттады. Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысына ана мен балаға қамқорлық жасауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған саясат жүргізіп отырғаны үшін алғыстарын айтты.