Саясат

Қордайлықтар да көптің қалауы жағында

Қордайлықтар да көптің қалауы жағында

Елбасымыз қазақстандықтарға арналған үндеуінде президенттік сайлаудың кезектен тыс өткізілу себептерін түсіндіріп берді. Олардың дені дүниежүзін шарпыған қаржы дағдарысынан сабақталады. Бірқатар елдер қиындықтарға тап болып, өндірістер тоқтап, жұмыссыздық белең алып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-біліп отырмыз. Осындай алмағайып кезеңде қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімі сетінемеуі маңызды. Жұмыс орындары қысқармай, жалақы және түрлі әлеуметтік төлемдер сақталуы керек. Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен жасалған дағдарысқа қарсы «Нұрлы жол» бағдарламасында осының жолдары айқын көрсетілген. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясаты арқасында бұған дейін де еліміз осындай экономикалық тығырықтан қиналмай өткенін білеміз. Ал осы жолы қауіпті алдын ала сезіп, Елбасының халыққа Жолдауын былтыр ерте жолдағаны да уақыттан ұту болды. Оның үстіне сыртқы саясатта да алаңдаушылық тудырып отырған оқиғалар жоқ емес. Бірқатар елдер бір-біріне қару кезеніп, оқ атылып, адамдар өліп жатқан алауыздық жағдайда біздің еліміздің ішкі тұрақтылығын көздің қарашығындай сақтау да маңызды. Келесі жылы Президент сайлауы мен Парламент сайлауының қатар келуі де біраз қиындықтар келтіруі мүмкін еді. Міне, осылардың бәрін ескере келе Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент сайлауын келесі жылға қалдырмай биыл-ақ өткізіп алу қажеттігін айтып ұсыныс тастап еді, ол қазақстандықтар тарапынан қызу қолдау тапты. Ақырында Елбасы да бұл ұсыныспен келісіп, сайлау өтетін күнді белгілеп берді. Ендігі мәселе – президенттікке үміткерлерді таңдау. Бұл тұрғыда ел сайлаушыларының басым бөлігі Нұрсұлтан Әбішұлының өзін артық санауы – екі бастан түсінікті жай. Ол ел басқарғалы бері Қазақстанды әлем таныған және мойындайтын өскелең елге, қуатты мемлекетке айналдыра білді. Алға белгілеген жоспарлары да тамсантпай қоймайды. Сондықтан да, қазіргі Президенттің тақтан түспей, бастаған ісін сәтті жалғастыра беруі басым қазақстандықтардың қалауы екені даусыз. Бүкіл еліміздегідей, біздің көп ұлтты Қордай жұрты да Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауға түсуге келісім беруін сұрайды.

Төле Сүгірбай, зейнеткер, ауданның  Құрметті азаматы.

Қордай ауданы.