Саясат

Кемел келешекке кемеңгер көшбасшы керек

Кемел келешекке кемеңгер көшбасшы керек

Еліміз тәуелсіздігін алған 23 жыл шеңберінде Елбасымыз өсу мен өркендеудің жолында кездескен қиындықтарды еңсере отырып, Қазақстанды әлемдік аренаға шығарды. Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік мемлекетке айналды. Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында келген абырой. «Бүгінде әлем бес, әрі кеткенде алты ықпалды саясаткерді біледі, Н.Ә.Назарбаев солардың арасында» деп сақа саясаткер Маргарет Тэтчер бекер айтпаса керек. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің айдынға шыққан өркенді жолында, өрнекті оқиғаларының барлығында оның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айшықты қолтаңбасы, ерен еңбегі жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жас мемлекетке оңай болған жоқ. Сол қиындықтан Елбасымыздың көрегендігі мен сарабдал саясаты алып шықты. Өткен жылдарда нарықтың экономиканың негіздері қаланып, тұрақтылыққа қол жетті. Қазақстанға миллиардтаған шетел инвестициялары құйылды, әлемдік жаңа технологиялар тартылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Стратегиясында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының темірқазық бағыттары, нақты жолдары айқын белгіленіп берілді. Елбасымыздың сарабдал саясаты елдегі азаматтардың татулық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз еткендігіне бәріміз куәміз. Қазақ халқының ең бақытты ұрпағы бізбіз. Біздің мұндай бақытқа жетуіміздің негізі біздің Тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздік тұтқасын берік ұстап, елімізді бүкіл дүниежүзіне танытқан Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ерен. Биыл елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өткелі отыр. Бұл саяси оқиға елдің ертеңімен сабақтас. Сондықтан Көшбасшы таңдауда қателеспеу керек. Мемлекет басшысының Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуды бүгінде қазақстандықтардың басым бөлігі сұрап, Елбасының поштасына, баспасөз беттеріне өздерінің жүрекжарды лебіздерін жолдауда. Мен де соларға қосыламын.

Оңласын Есіркепов,  Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы.

Тараз қаласы.