Саясат

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Мемлекеттің ауыл халқына өз шаруашылығын бастап, дамытуға қомақты көмек көрсетіп отырғаны белгілі. Агросектордың қадамын қарыштандыру, адымын алшаң бастыру мақсатында елімізде шын мәнінде қыруар шаруалар атқарылып жатыр. Қабылданған шаралар ішінде «Сыбаға», «Алтын асық» секілді тағы өзге бағдарламалардың ауыл адамдарын қызықтырғаны ақиқат. Иә, бүгінгі таңда тірлігінің түтінін түзу ұшырамын деген ірі шаруа қожалықтарға молынан мүмкіндік жасалып отыр. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияның, түрлі көмектің шарапатын біздің «Шәушен» шаруа қожалығы да көруде. Оның бәрі әрине Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының агросектордың дамуына жасаған үлкен көмегі. Еліміз еркіндікке қол жеткізген алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы саласы да кәдімгідей ақсап қалғаны ақиқат. Ал бүгін бәрі түзелді. Қолжетімді несиелер арқылы қожалықтардың техникалық ахуалы да артты. Лизингке алынған жаңа техникалар жұмыстың қарқынды жүруіне тікелей ықпал етті. Тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиясы да өнімнің сапалы болуына септігін тигізуде. Қамба-қамба үйілген астық еліміздің дәулетін арттыруда. Малды асылдандыру бағытындағы кешенді шаралар да көңілге қонады. Өз басым елімізді дамудың даңғыл жолына түсірген сарабдал саясаткер, елі үшін туған теңдессіз тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатын қолдаймын, қуаттаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясы бастаған ұсынысқа бейжай қарай алмай, дер кезінде Үндеу жариялағанын дұрыс деп қабылдаймын. 26 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауы еліміздің ертеңгі бағытын нақты айқындаудың шұғыл қабылданған шешімі. Мен әрқашан Президентіміздің жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатын қолдап жүрген азаматтардың қатарынанмын. Елімізді әлем мойындады. Аз ғана жылдың ішінде шартарапқа экономикасы мығым ел ретінде танылудың астарында еселі еңбектің тұратыны бесенеден белгілі. Кезектен тыс өтетін Президент сайлауына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидат ретінде тіркелуін жан жүрегіммен қалаймын. Әлем елдерінде болып жатқан әр қилы үрдістер елімізді сынақтар күтіп тұрғанынан хабар берсе керек. Сол сын сағатында, сындарлы сәтте көшімізді ұлт бағына туған азамат бастаса екен деймін. Көпұлтты Қазақстанның мызғымас бірлігі баршаға үлгі. Сол бағытымыздан таймайық, татулықтың арқасында әлі талай асуларды бірлесе бағындыра берейік! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Ендеше, еліміздің өркендей, өрлей түсуі үшін бәріміз жұмыла атсалысайық!

Сайрамбай Дөненбаев,  «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі.

Т.Рысқұлов ауданы.