Көп тілегі ескерілетіндігіне сенеміз
Көп тілегі ескерілетіндігіне сенеміз
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасына үн қосып, қолдау білдірген еліміздегі өкілді және өкілетті органдардың, қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық бірлестіктердің ұсыныс-пікірлерін ескерген Елбасының сайлауды ағымдағы жылдың 26 сәуірінде өткізу жөніндегі Жарлығы барша қазақстандықтар сияқты біздің этномәдени бірлестіктің де көңілінен шықты. Қазіргі кезде республикамыздың барлық өңірлерінде өтіп жатқан әрқилы форматтағы жиындардың шешімдерінен, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, шығармашылық және жастар бірлестіктері жетекшілерінің, жеке тұлғалардың жүрекжарды лебіздерінен еліміздің қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдағы болатын сайлауда Қазақстан Республикасы Президенттігіне өз кандидатурасын ұсынғанын қалайтындықтарын пайымдауға болады. Әрі олардың мұндай ұстанымдарының жаны да бар. Өйткені, республикамыз тәуелсіздігін алғалы арада өткен 24 жылға жуық уақыт аралығында өзінің көреген сарабдал саясатымен Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық әлеуетті мемлекетке айналдырып, елдегі саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етіп отырған Елбасы, қай уақытта да барша қазақстандықтардың көңілінің жайма-шуақ төрінен орын алатындығы анық. Олар нақ сондықтан елімізді келешекке нық сеніммен бастайтын жаңа тұрпаттағы заманауи тұлға ретінде ел Президенті орынтағына, бұған дейін де өз сенімдерін ақтаған мемлекеттің нақтылы кезеңдегі басшысының қайта отырғанын қалайды. Бұл – біздің этномәдени орталықтың маңайына топтасқан бір қауым елдің де көкейкесті тілегі. Ал Елбасының қалың жұртшылықтың ой-тілегін, ықылас-пейілін кері қайтармай, Республика Президенттігіне кандидатурасын ұсынатындығына сеніміміз мол.
Георгий Буюкиди, облыстық грек қауымдастығының төрағасы.
Тараз қаласы.