Халық таңдаса, қателеспейді
Халық таңдаса, қателеспейді
– Өздеріңізге мәлім, өткен жылы қараша айының соңында партия облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, онда Саяси кеңестің соңғы екі жылда атқарған жұмыстары туралы жан-жақты айтылған болатын. Ал бүгінгі конференцияда Сіздерді партия тарапынан 2014 жылы жүзеге асырылған ауқымды шаралармен арнайы таныстыра кеткенді жөн көріп отырмыз, – деп бастады Кәрім Нәсбекұлы өзінің хабарламасын, – Өткен жылы партиямыз өзін Елбасының, партия Төрағасының сенімді серігі және партиялық әріптесі, қандай да бір қиын сәттер болмасын уәде үдесінен шыға білетін үлкен саяси күш екенін тағы да дәлелдей білді.Партия жетекшісі Н.Ә.Назарбаевтың партияның 15-съезінде партия ұйымдарының қызметін қайта реформалау жөнінде берген нақты тапсырмалары 2014 жылы толығымен іске асырылды деп айтуға толық негіз бар. Партия ұстанымы Елбасының мемлекеттік саясатын іске асыруға және қоғамдағы Келісім, Бірлік және Тұрақтылық сынды құндылықтарды сақтауға бағытталды. Біздің осындай баға жетпес құндылықтарымыз «Нұр Отан» партиясының саяси Доктринасында айқын көрініс тапқан болатын. Сонымен қатар, партия ұлттық айтыс өнері, көкпар, қазақ күресі сияқты бай дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуға үлкен үлес қосып, халықтың ризашылығына бөленіп жүр. Біздің ең басты құндылығымыз – еліміздің тәуелсіздігі болса, негізгі мақсатымыз – Қазақстанның гүлденуі, біздің идеалымыз – елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз! Жалпы, партияның 2020 жылға арналған бағдарламасында көрсетілген межелі міндеттер толығымен орындалды. Біріншіден, партия ұйымдары қызметінің тиімділігі артып, атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде дүниені дүрбелеңге салып отырған әлемдік дағдарыстың көріністері бой ала бастағанына қарамастан, соңғы 3 жылдың қорытындысы бойынша партияның Сайлауалды тұғырнамасында белгіленген межені орындауда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіліп, күтілген нәтиже 69 пайызға орындалды. Ел мүддесі, мемлекет болашағы үшін осындай жоспарлы жұмыстарды ұйымдастыруда партия Саяси кеңесінің нақты шараларды қабылдаудағы белсенділігін айрықша атап өткен жөн деп есептеймін. Сіздер жақсы білесіздер, өткен жылы партияның 2025 жылға дейінгі Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарламасы қабылданды. Сонымен қатар, осы бағдарлама негізінде мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары да бекітілді. Өкінішке қарай, қоғамды алаңдатып отырған сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің нышандары партия мүшелері арасынан әлі де болса арагідік белең алып қалады. Мысалы, өткен жылы облысымызда ішкіпартиялық тәртіпті бұзған және сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол берген 21 адамның партия қатарынан шығарылуы осының айқын дәлелі. Дегенмен, бұл тек қана «Нұр Отан» партиясы ғана емес, барша қоғам болып күресетін бүгінгі күннің ең жауапты міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының білікті басшылығы арқасында партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының жұмыс қарқыны жаңаша сипатқа ие болды. Өткен жылы «Нұр Отан» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдары Саяси кеңесінің 470 және Саяси кеңес бюросының 1271 отырысын өткізуге қол жеткізілді. Осы отырыстардың күн тәртібіне өңірдегі ең өткір, ең өзекті қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелер қойылды. Бұл жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Екіншіден, «Нұр Отан» партиясы партияның Мәжілістегі және мәслихаттардағы депутаттық фракциялары арқылы жергілікті жерлердегі және орталық атқарушы биліктің жұмысына бақылауды күшейте түсті. Оның ішінде, партия «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру мен Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бақылау жұмысын жүргізуді қолға алып отыр. Осы мақсатта құрамына Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қамтылған арнайы бақылау комиссиялары құрылды. Осындай 4 комиссия біздің облыстағы партияның мәслихаттардағы депутаттық фракциялары жанынан да жасақталды. Жалпы, бүгінгі таңда партияның барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциясының мүшелері белсенді іс-қимыл әрекеттерімен көпшіліктің көңіліндегі мәселелерді шешуге батыл қадам жасап отырғандығын ашық айту керек. Үшіншіден, «Нұр Отан» партиясы қарапайым халыққа етене жақын, тұрғындардың сенімі мен үмітін ақтап келе жатқан еліміздегі басты саяси құрылым екені уақыт дәлелдеген шындық. Бүгінде партияның Қоғамдық қабылдаулары мен «Электрондық партия» жүйесі тұрғындармен арадағы кері байланысты едәуір оңтайландыра түсті. Мысалы, 2014 жылы тек қана депутаттар республика аумағында 20 мыңға жуық жеке қабылдаулар өткізсе, оған 1,2 миллионға тарта тұрғындар келіп, 18 мыңға жуық өтініштер мен шағымдардың басым көпшілігі оң шешімін тапқан. Ал біздің облыстағы партияның қоғамдық қабылдауларына өткен жылы өткізілген 340 қабылдауларға 927 адам өз өтініш-тілектерімен келген болатын. Халықтың мұң-мұқтажына қашанда бейжай қарамайтын «нұротандықтар» өтініштердің 32 (295) пайызының оң шешімін табуына ықпал етті. Қалғандары тиісті органдар мен партия облыстық филиалының бақылауына алынды. Осындай нақты шаралар халықтың «Нұр Отан» партиясына деген сенімін бұрынғыдан да арттырып, арадағы байланысын нығайта түсті. Партия 2014 жылы өз жұмысының басты бағыттарының бірі – 12 партиялық жобаның өңірлерде белсенді жүзеге асырылуын басты назарда ұстады. Бұл жобалардың бүгінгі таңда партияның идеологиялық жұмыстарының темірқазығына айналғаны ақиқат. Партияның «Біздің ауыл», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» сияқты жобалары негізінен әлеуметтік топтарға арналған. Мысалы, елімізде осы жоба аясында 850-ден астам волонтерлік топтар ардагерлерге бекітілген. Сондай-ақ, республика бойынша жетім балаларға 360 пәтер бөлінсе, тұрмыс деңгейі төмен 2 мың отбасына тиісті көмек көрсетіліп, ауылдарда балалардың 2,5 мыңға жуық ойын алаңдары мен аулалық спорт нысандары қалпына келтірілген. Мұндай игі істер біздің облысымызда да атқарылып, алдымызға қойған мақсаттарымызды орындай білдік. Өткен жылы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында облыстағы 298 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әртүрлі әлеуметтік көмектер көрсетілді. Әлеуметтік және медициналық көмектердің әлеуметтік картасы жасалды. Партия облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құрылған 1360 еріктілер жасақталды. Ал таяуда партия жобасы шеңберінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңіске тағзым!» пойызы өңірдің темір жол бекеттері бойларына орналасқан елді мекендерде болып қайтты. Жеңістің 70 жылдығына арналған шара барысында соғыс және еңбек ардагерлеріне, аналар мен балаларға, жергілікті тұрғындарға медициналық көмектер көрсетіліп, арзандатылған бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерін сату қамтамасыз етілді. «Біздің ауыл» жобасы аясында 2014 жылы облыста 343 тазалық, абаттандыру және көріктендіру шаралары ұйымдастырылды. Жоба шеңберінде бірқатар әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті. Оның ішінде көшелерге жарықшамдар орнатылып, балалардың ойын алаңшаларын жаңғырту қамтамасыз етілді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен жылы облысымызда 157 жетім балаға пәтер берілді. Әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, елімізде жастардың «Сәтті қадам», «СТОП-қылмыс» және «Жастар кадрлық резерві» сияқты партиялық жобаларына 100 мыңнан астам жастар тартылған. «Нұр Отан» партиясы бұл жобаларда қалаға келген ауыл жастарының проблемаларына үлкен басымдықтар беріп отыр. Облыс бойынша «Сәтті қадам» жобасына 2014 жылы 120 жас тартылып, 3 адам тәжірибеден өтуге жіберілсе, 1 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал «STOP-қылмыс» жобасы аясында өңір жастары үшін 4 мыңнан астам түрлі форматтағы 212 шара ұйымдастырылды. «Жастар кадрлық резерві» жобасына облыс бойынша 108 жас азамат қатысып, оның ішінде 2 жерлесіміз республикалық жоба қорытындысы бойынша жеңімпаз атанды. «Нұр Отан» партиясының елімізде шағын және орта бизнестің өркендеп, қанат жаюына үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанын барша қоғам жақсы біледі. Бұл арада партияның Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлескен кешенді «Мықты бизнес – Қуатты мемлекет» жобасы елімізде шағын және орта бизнес қозғалысын өрістете отырып, елімізде отбасылық бизнестің дәстүрін орнықтырып, кәсіпкерлік рухты қалыптастыра білді. Ал біздің облыста аталған жоба аясында «Өз кәсібіңді баста!», «Бизнес және мен» сияқты тақырыптарда аудандар және Тараз қаласында оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 7 ауыл тұрғыны өзінің жеке кәсібін ашып, 12 адам несие алуға өтініш білдірді. Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында берген тікелей тапсырмасының орындалуы бойынша көптеген нақты істерді жүзеге асыруға бас болғанын айрықша атап өтті. Оның ішінде, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында елімізде 12 мың мүгедек жұмысқа орналасты. Оның 7 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа қабылданды. Сондай-ақ, бұл мақсаттағы жұмыстарға тың серпін беру жолында 400-ден астам бос орындардың жәрмеңкесі өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 750-ден астам нысандардың әлеуметтік инфрақұрылымы ыңғайластырылды. Партия Көшбасшысының қолдауының арқасында бүгінгі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс-тіршілігі жақсара түсуде. Бұл жоба біздің өңірде де табысты іске асырылуы партия облыстық филиалының қатаң бақылауында болды. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыста өткен жылы 819 мүгедек, оның ішінде 494-і тұрақты жұмыспен, 325 мүмкіндігі шектеулі азамат уақытша жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, 200-ден астам мемлекеттік және түрлі меншік түріндегі нысандарға барлық талаптарға сай пандустар орнатылды. Төртіншіден, «Нұр Отан» партиясы осы жылдары елімізде ашық қоғамдық пікірді қамтамасыз етуде үлкен тірліктер атқарды. Бүгінде партия жүргізген нақты шаралардың арқасында мақсаты бөлек болғанымен, мүддесі бір азаматтық қоғам институттарының өкілдері еліміздің өркендеуі және тұрақтылық пен өзара келісімнің қалыпты дамуы жолында ортақ пікірге үн қосып отыр. Өткен жылы осындай ортақ пікірдің алаңына айналған Демократиялық Күштердің Жалпыхалықтың коалициясының 5 отырысы өткізіліп, онда ең өзекті мәселелер талқыланды. Олардың қатарында, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегия, кәсіптік одақтар, жергілікті өзін-өзі басқару және әкімдердің сайлауы туралы заңдардың жобалары бар. Осы шаралардың барлығы бірінші кезекте халықты көптен алаңдатып жүрген түйткілді мәселелерінің жүйелі шешілуіне ықпал етсе, екіншіден, еліміздегі аса маңызды реформалардың тың серпін алуына өз септігін тигізді. Коалиция құрамына еліміздегі 6 жетекші саяси партия, 18 ірі қоғамдық бірлестік және 500-ден астам өңірлік үкіметтік емес ұйымдар кіріп отыр. Ең бастысы, бүгінде Жалпыхалықтық колиция 6,5 миллион халықтың мүддесін білдіретін үлкен ұйымға айналды. Демократиялық күштер коалициясының тиісті құрылымы біздің облыста да құрылған. Бүгінде облыстық Демократиялық күштер коалициясының құрамына 5 саяси партияның жергілікті құрылымдары мен 16 қоғамдық бірлестік пен ұйымдар кіріп отыр. Облыс басшысы осы орайда ойын ортаға, пікірін бір арнаға тоғыстырған осы қоғамдық ұйым басшыларына рахмет айтып, мәртебесі биік бұл ұйымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Бесіншіден, партия өзінің барлық ішкіпартиялық жұмыстарын ашықтық және жариялылық жағдайында ұйымдастырып отырған бірегей қоғамдық ұйым. Ашықтық пен жариялылық принципін ұстаған «Нұр Отан» партиясы 2014 жылы тұңғыш рет кірістер мен шығыстар есебін жария етті. Партия құрылымдары тиімсіз шығындар көлемін едәуір қысқартты және әрбір «нұротандықтың» партиялық жауапкершілігі артты. Сонымен қатар, партия мүшелерін түгендеу жұмыстары мен жаңа үлгідегі партия билеттерін ауыстыру аяқталды. Партия қатарын «тазалау» нәтижесінде партиялық ішкітәртіпті бұзған 25 мыңнан астам адам партия қатарынан шығарылып, бүгінгі таңда партия мүшелерінің саны 849 300 адамды құрап отыр. Сондай-ақ, партияның электронды орталықтандырылған дерекқоры жасалды. Партия өз құрылымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесін ешуақытта назардан тыс қалдырған емес. Таяуда ғана партия Меркі, Мойынқұм, Талас, Қордай және Т.Рысқұлов аудандық филиалдарының заманауи үлгідегі бірнеше жаңа компьютермен қамтамасыз етілуі осы сөздерімнің дәлелі болса керек. – Ағымдағы жыл республикамызда «Бастауыш партия ұйымының жылы» болып белгіленгенін баршаңыз білесіздер. Сондықтан да, барлық ішкіпартиялық, қоғамдық-саяси және көпшілік шаралар осы жыл аясында өткізілетін болады. Бүгінде облыстағы 399 бастауыш партия ұйымдарында 64 357 партия мүшесі есепте тұрады. Сонымен қатар, бастауыш партия ұйымдары ішінен 1440 партиялық топтар құрылған. Жыл басынан бастап бастауыш партия ұйымдарымен арадағы байланысты нығайту мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынды. Партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдары Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі бюросының мүшелері бастауыш партия ұйымдарына бекітілді. Сонымен қатар, партия аумақтық филиалдарының төрағаларына ай сайын бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарына қатысып, партия ұйымдарының тыныс-тіршілігімен етене танысу міндеті жүктелді. Филиал төрағалары өткен екі айда осындай 22 кездесу-жиналыстарға қатысты. Қорыта айтқанда, «Нұр Отан» партиясының бүгінгі таңдағы алдына қойған ең басты мақсаты – қоғамдағы партия беделін көтеру, имиджін арттыру, қоғам бірлігі мен мемлекет тұтастығын сақтауға, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, қазақстандық патриотизмді орнықтыруға және ішкіпартиялық тәртіпті нығайтуға бағытталып отыр, – деді Кәрім Нәсбекұлы. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жасаған баяндамасында алдағы 26 сәуірде өтетін Президент сайлауының ел тағдыры үшін тарихи жауапкершілік жүктейтіндігіне тоқталды. – Үстіміздегі жылдың 14 ақпанында еліміздегі татулық пен берекелі бірліктің нығаюына ерекше үлес қосып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама көтергенін жақсы білесіздер, – деді Кәрім Нәсбекұлы. – Бұл бағалы бастама көп ұлтты қазақстандықтардың қызу қолдауына ие болды. Ең бастысы – қарапайым халықтың ойынан шығып отыр. Жалпы, алдағы 2016 жылы – Республика Президенті мен Парламент Мәжілісінің сайлаулары қатар өтуі тиіс еді. Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабы, 1,3-тармақтарында екі сайлаудың тұспа-тұс келмеуі ашық көрсетілген. Осындай маңызды мәселеге ерекше назар аударған еліміздің Конституциялық Соты өз шешімін жасап, кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге ешқандай құқықтық кедергінің жоқ екендігін ресми мәлімдеді. Үстіміздегі жылдың 25 ақпаны күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Ел ертеңін ойлаған Нұрсұлтан Әбішұлы сол күні Қазақстан халқына арнап өзінің Үндеуін жария етті. Туған халқына арнаған жүрекжарды Үндеуінде Елбасы «Сайлау – аса маңызды конституциялық және патриоттық акт» деп, алдағы саяси науқанның мәні мен мақсатын бір-ақ сөзбен ашып берді. Ел бірлігі мен тұғырлы тұтастығының кепіліне айналған Нұрсұлтан Әбішұлы сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы Үндеуінде бірнеше маңызды факторды айқындап берді. Біріншіден, бұл шешімді әлемде орын алып отырған геосаяси жағдайдың көріністерімен тығыз байланыстыра отырып, еліміздегі тұрақтылық пен қоғам бірлігін нығайтуға жете көңіл бөлді. Екіншіден, экономикалық дағдарыстың алдын алуға бағытталған шаралардың уақыт күттірмес сәттеріне ерекше тоқталды. Үшіншіден, бүгінгі күрделі саяси шақта ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін айқындады. Сонымен қатар, Қазақстанның орнықты дамып келе жатқан ішкі және сыртқы саясатын әрі қарай табысты жалғастыруға бағыттады. Бұл сайлау – елімізде іргелі істері алға басқан, тынымсыз тірліктері биік белестерді бағындырған Елбасы, Ұлт көшбасшысы, партия Лидері Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында атқарылған ұлы істерден сабақтастық табатын саяси шара боларына сенімдімін. Ағымдағы жылдың 26-28 ақпанында облыстағы барлық 399 бастауыш партия ұйымдары жиналыстарында және 2-3 наурыз күндері партия Тараз қалалық және аудандық филиалдары конференцияларында партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы мәселе көтерілді. Бұл мәселеден біз де сырт қала алмаймыз. Сондықтан, аталған мәселеге байланысты конференция делегаттары өздерінің ой-пікірлерін білдіреді деген ойдамын. Бізді алда осыншама ауқымы үлкен, мәртебесі жоғары, мәні биік қыруар келелі істер күтіп тұр. Ағымдағы жылдың 11 наурызы күні Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезі өз жұмысын бастағалы отыр. Партияның бас форумында ел өміріндегі көптеген қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму бағытының нақты жолдары айқындалары анық. Осындай күрделі әрі жауапты шақтарда ойымыз – ортақ, мақсатымыз – бір, ниетіміз нұрлы болсын, ардақты әріптестер, – деді Кәрім Нәсбекұлы сөзінің соңында. Хабарлама аяқталған соң оны талқылауға кезек берілді. Жарыссөзге шыққан азаматтар партияның есепті кезеңде атқарған сан салалы жұмыстарының көңілден шығып отырғанын тілге тиек етіп, өз ойларын ары қарай алдағы 26 сәуірде өтетін президенттік сайлаудың маңыздылығы тұрғысында сабақтады. Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, облыстың Құрметті азаматы, саясаттанушы: – Әлемдегі, мәселен Оңтүстік Америкадағы, Африкадағы, Азиядағы кейбір бодандықтан құтылған елдердің ғасырға тең мезгілде қол жеткізген табыстарын мемлекетіміз небәрі 15 жылда-ақ еңсерді. Әлемдегі озық 50 елдің қатарынан орын алған Қазақстанның ендігі Президентінің кім болатындығы халқымызға бәрібір емес. Бүгінгі шыққан биікті аласартпау, қайта оны шыңға шығару қазақстандықтардың қанында бар қасиет. Олай болса «Елді басқару тізгінін кімге сеніп тапсыруға болады?» деген сұрақ әркімді де мазалауы тиіс. Қазақстанның айналасы 23 жылдың бедерінде қол жеткізген табыстарының сыры неде? Елбасыда. Мұны бүгін айтпасақ, қашан, қайда айтамыз? Егер, қазақ елін дүниежүзі қауымдастығы өзге елдермен терезесі тең мемлекет ретінде таныса, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына, 80-нен астам халықаралық ұйымдарға, конвенцияларға мүше болса, өзгелер біздің елге стратегиялық әріптесі ретінде қараса, елімізді сара әрі дара ішкі және сыртқы саясаты үшін қадірлесе, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етсек, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің Астанада өтуін 150-ден астам мемлекеттердің арасынан оза шауып жеңіп алса, онда ол Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдегі беделі мен тыным көрмей еткен еңбегінің, төккен терінің нәтижесі. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде елімізде этносаралық рухани бірлік, азаматтық келісім, саяси тұрақтылық орнығып, кейбір елдердегідей тыныштығымыз кетіп, тынысымыз тарылмаса, ұлтымыздың тарихи зердесіне қайта оралып, Қазақ хандығының 550 жылдық тойын ұлықтап жатсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемге өнеге ретінде танылса, бұл да Ұлт көшбасшысының айрықша ынтасы мен ықыласының, ұлтжандылығының іс жүзіндегі көрінісі. «Мәңгілік Ел» идеясын басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын «Нұрлы жолға» айналдыру, әлемдегі озық 30 елдің қатарынан орын алу бүкілхалықтық меже ретінде күн тәртібіне қойылып, оның үдесінен шығуға пәрменді шаралар қолданылып жатса, о да қазақ топырағындағы жасампаздық құбылыстардың тікелей бастаушысы, қоғам дамуының «қазақстандық жол» деп аталатын жаңа моделін қалыптастырушы Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлігі. Бір сөзбен түйіп айтсақ, тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі бастаған келелі кемел істерін өзі жалғастыруға әбден лайық. Конференция атынан «Нұр Отан» партиясының алдағы 16- съезінің қарауына 26 сәуірде өтетін кезектен тыс сайлауда президенттікке үміткер етіп «Нұр Отан» партиясының кандидатурасын ұсынамын. Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, «Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі: – «Нұр Отан» партиясы құрылған күннен бастап, артта қалған белесі мол, бедері айқын 16 жыл ішінде Қазақстанның саяси кеңістігінде жетекші қоғамдық бірлестікке айналды. Партия көшбасшысының зор беделі қазіргі таңда сенімділіктің басты капиталы болғаны тарихи шындық. Мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ету жөніндегі ұсынысты толықтай қолдаймын. Өйткені, Тәуелсіз Қазақ елінің осы жылдарда қол жеткізген толайым табыстары мен мемлекет тұтастығын сақтау, көп ұлтты халқымыздың татулығы мен өзара келісімін нығайтудағы кемеңгер саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Біз осыдан екі күн бұрын партия Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс конференциясын өткіздік. Конференцияда жарыссөзге шыққан ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, бюджеттік сала, этномәдени орталықтар мен жастар өкілдері партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы мәселені бірауыздан қолдады. Бұл табиғаты қатал, жұрты жомарт Жуалы халқының алдағы саяси науқанға бастаған ауызбіршілігінің алғашқы сәтті қадамы. Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры: – Кез-келген қоғам үшін халық таңдауынан асқан күш-жігер болмайды және болған да емес. Оны қазақ елінің арғы-бергі тарихи жолынан да анық аңғаруға болады. «Ұлыны ұлы тұтса құт болар» деп, озық ойлы ата-бабаларымыз айтқандай, Қазақстан халқы тәуелсіздік жылдары өткен сайлауда өз көшбасшысын таңдауда қателік жібермегені уақыт ақиқаты. Сүйікті халқының зор сеніміне ие болған Нұрсұлтан Назарбаев өзіне жүктелген халық алдындағы парызы мен міндетін аса жауапкершілікпен орындап, кемеңгерлік саясатымен Қазақ елін әлемге танытты. Ал қазақ елінің бағына жаратылған Елбасының екінің бірі жете алмайтын лидерлік беделімен халықаралық мәртебенің биігіне көтерілгені барша қазақстандықтар үшін ортақ абырой әрі мақтаныш деп білемін. Ортақ Отанымыздың берекесі мен бірлігіне, татулығы мен достығына тиянақты дәнекер болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің биыл кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасы әлемдік экономикалық дағдарысты еңсерудің, тұрақтылықты сақтауға және ел экономикасын дамытуға зор мүмкіндік беру екенін атап өткіміз келеді. Жалпыұлттық қолдауға ие болған бұл сайлау қарсаңында байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен сан түрлі кәсіп иелері, аға буын мен жас ұрпақ өкілдері, қарапайым адамдар, саясаткерлер мен қоғамтанушылар Елбасының атына жолдап жатқан үндеулері мен хаттарында «Сіз Отанға қызмет етудің айрықша үлгісін көрсетіп келесіз» деп, өз ойларын ашық білдіруде. Отандастарымыздың орынды және ортақ ой-пікірге келіп, түйін жасауына толық негіз бар. Оған Қазақстанның егемендік жылдары қол жеткізген жетістіктері мен қарқынды дамуы дәлел болып отыр. Мен де ел азаматы ретінде осы пікірге қосыламын. Орайы келген соң бір жәйтті айтсам деймін. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүргенімде, Елбасының алыс-жақын, әсіресе, бізге бейтаныс небір марқасқа мемлекеттерге іссапарға барған кезінде басқа да әріптестермен бірге болғанымды құрметпен еске аламын. Қазақ «Атың барда жер таны» дейді. Бұл сөздің құдіретін мен сол кезде сезіндім. Талай алпауыт елдің өмірін көріп, таңдай қақтық. «Бізде де осындай болады ма екен?» деп те ойладық. Ұлы дүниенің сән сәулеті мен тарихы ғасырлар қойнауына тереңдеп кететін шаһарлардың кереметін көріп, бізде де осындай болса екен деп армандадық. Арада көп жылдар өткен жоқ. Сол таңдай қақтырып, көз сүйсіндірген заман ғажайыптары тамаша кейпімен, мүлдем жаңаша түрленуімен қазақ елінің байтақ даласына келіп орнықты. Ғасырға бергісіз ғаламат дерсің. Соның бір жарқын мысалы ретінде жаңа елордамыз Астана қаласының бұл күндері әлемдегі ең тартымды, ең көрікті, жер дүниенің назарын аударған кереметін айтсақ та жеткілікті. Мың бір үміттің иесі де, киесі де енді біздің елде. Тұла бойыңа мақтаныш сезім ұялатқан, сөйтіп жандүниеңді оятқан тарихи сәт ұлтыңның бойтұмарындай көрінсе, неге әсерге бөленбейсің? Ал осының барлығы ел тәуелсіздігінің жемісі. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болған, Бәйтерек шаңырақты көтерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың талай тіс қаққан саясаткерлерді, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған мемлекеттің басшыларын өзінің даналығымен, Алла тағала берген ерекше қасиеттерімен өзіне қарата біліп, санастырған сәттері мыңнан бір мезет емес, ел тізгінін ұстағаннан бергі тұтас дара қасиеті болып келеді. Сонау тоқсаныншы жылдары Қазақ деген елді көрмек түгілі естімегендер көп еді ғой. Енді біздің қаламгер әріптестеріміз ғана емес, шет елдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстанға қызыға қарайды. Халық жазушысы Шерағаң, Шерхан Мұртаза ел тәуелсіздігінің бастауында «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу болайық» деп ақжарылқап заманның қазақ көгінде жұлдыз болып жанатынын талай жолжазбаларында жазды. Қазақ журналистикасының атасы болған ағаның сөзі шындыққа айналды. Біз осы ойларымызды айтқанда алдағы Президент сайлауына Елбасының кандидатурасын ұсыну жөнінде бүгінгі мінберден естіліп отырған елдік мүддені көздеген келелі сөздердің тарқауы Қазақ елінің өсіп-өркендеуімен өрнектеліп отырғанына тағы да көз жеткізуге болады. Халықтық таңдау – халықтың өз тағдыры. Сол себепті алдағы сайлау қоғамдық саяси және тарихи маңызы, сөз жоқ бірлікке бастайды. Елбасының маңына топтасуға шақырады. Конференцияда сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев, «Дніпро» украин этномәдени орталығының төрағасы Федор Клименко, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» бастауыш партия ұйымының төрағасы, «Партияның 50 тұлғасы» жобасының қатысушысы Арман Қарағалиев сөз сөйлеп, жиналғандарды «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсынуға шақырды. Басқосуда сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, партияның Астана қаласында өтетін ХVІ съезіне делегаттар сайланды. Конференция барысында күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралып, тиісті қаулы қабылданды.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.