Жүзінен әр таймаған, жүрегі қартаймаған...
Жүзінен әр таймаған, жүрегі қартаймаған...
Көліктен жаңа түссек те, үй иелері сыртқы дарбазаның есігін ашқанша, бойымыз тоңазып, үрпиісіп қалдық. Біз іздеп келген Күлбарам әже далада жүр екен. Үстінде жеңсіз кеудеше, қолында сыпыртқы. Аула сыпырып жатыр! Біз іздеген адам 105 жасқа келген әже еді. Соғыс жылдарында Қаратау-Жаңатас темір жолын салып, қара жұмыс істеген. Жарты ғасырдан астам уақыт кетпен шауып, тоған қазып, әбден бейнет көрген жан. Жүзінен әр тайған, әл-қуаты кеміп, қартайған шағы. Әңгімеміз дұрыс өрбісе жақсы деп ойлағанбыз іштей. Сөйткен әжеміз әне! Анау-мынау аязды да елейтін түрі жоқ. «Іздегеніміз шынымен осы кісі ме?» Көкейімде осы сұрақ тұрса да, айтарымды іркіп қалдым. Десе де, таңданысымды жасыра алмай «апам аула сыпырып жүр ғой» дедім қасымдағы жол бастаушыларға. Он жеті-он сегіз жас шамасындағы бозбаланың келген кісілермен ісі болған жоқ. «Менің міндетім – осы» дегендей-ақ, есікті ашып, апасын шақырып берді де, өз жөнімен кетті. «Шеңгел жағып, шөп шапқан жерге келдім...» Уақыт бәрінен үстем. Жылдар белгісіз өтпейді екен. Күлбарам әженің жүзін торлаған әжімдердің ізі тым терең. Кезінде сұңғақ бойлы жан болған сыңайлы. Бірақ, тағдыр өз тауқыметіне мойынсұндырмай қойсын ба?! Бүгінде еңкіш тартыпты. Құлағы да ауыр естиді. «Көз алдым буалдыр» дегенді өзі айтты. Әйтсе де, санасы сергек. Сексен-тоқсан жыл бұрынғы оқиғаны да ұмытпапты. – Мен қырғыздың қызымын. Талас облысы, Киров ауданы, Маймақ деген стансаның өр жағындағы ауылда туғанмын. Шыңғыс Айтматовпен ауылдаспын деуге де болады. Сол кезде ауылсовет деген бар еді ғой. Әкем Берікқара сонда жұмыс істеді. Інісі Фрунзеде министрлікте қызмет атқарды. Кейін сол бауыры ұсталып, қамауға алынды. Бұл зауал бізді де айналып өтпеді. Әкемді де жер аударды. 1938-39 жылдары қазақ жеріне қоныс аударуымызға осы жағдай түрткі болды, – дейді екі ғасыр куәгері. Пайымы отбасы, ошақ қасынан ұзамаған әйелдердікіндей емес. «Айтматовтың ауылдасымын деп мақтануында да мән бар-ау. Шыққан тегі тегін емес шығар», деп ойлап үлгермедім, «Бабамыз Иманбек болыс болған. Оның есімі осы Әулиеата өңіріне де кең таралған. Кейін аумалы-төкпелі заман келгенде кімнің қай жақта қалғанын білмей қалдық қой. Иманбек Орынборда өлді. Әкем Әулиеатада жүріп көз жұмды», – деді тағы. Маңдайыңа жазғаны бейнет болса, кісі одан қашып құтыла алмайды екен. Ол 1939 жылы Бірлесуге көшіп келгенінде, тұрмыс құрғанында «қиындықтан енді құтылған шығармын» деп ойлаған. Бірақ, тағдырдың сынағы мұнымен таусылмапты. 1940 жылы жұбайы әскерге алынып, содан хабар-ошарсыз кетіпті. Бір жылдан кейін соғыс басталғанда бұл бүкіл елге туған нәубет екенін түсінеді. «Соғыс жылдарында ешкім қол қусырып қарап отырған жоқ. Шөп шаптық. Түнімен кетпен арқалап, мақта, қызылша суғардық. Қырғыздар шөп шаппайтын, шеңгел жақпайтын. Бұл жаққа келгенде шеңгелді отқа жағып үйрендік. Ара-тұра ауылда қалған ағайын-туыс, жеңгелеріме хат жазғанымда осыны айтып, өлең жазғаным бар: Белден келдім, Ауасы таза, аңқыған елден келдім. Жазылса пешенеге амал қанша, Шеңгел жағып, от жаққан жерге келдім», – дейді 105 жастағы әже өлеңдетіп. Шойын жол салған шырайлым-ай! Өзінің 3 кластық білімі бар көрінеді. Бірақ, латынша оқыпты. Латын қарпімен хат жаза аламын, қазіргіше тек қол қойғанды білемін дейді. Бір таңғалғаным, Күлбарам әже өз өмірінде орын алған оқиғаның қай кезеңдерге тұспа-тұс келгенін жаңылмай айтады екен. Алғаш колхоздастыру науқаны жүргенін, соның салдарынан ашаршылық болғанын, кейін қуғын-сүргін басталғанын әңгімеледі. Екі ғасыр куәгерінің айтуынша, қырғыздарда аса қатты аштық болмапты. Алатауды тел емген ағайындар 1940 жылдарда ғана кішкене таршылық көріп, қазақтардан астық, азық-түлік алып тұрған көрінеді. – Соғыс жылдарында барлық ел тарықты. Сонда да тынбай еңбек етті. 1942 жылы Қаратауға қарай темір жол салынатын болды. Көктем туған, ұмытпасам, сәуір айы шығар. Он сегіз колхозды жұмылдырды осы құрылысқа. Әр колхоздан – он әйел. Сол онның ішінде кетпен арқалап жыл жарым тас төсеп, жол салдық. Бір жылда темір жолды Қаратауға, содан соң Жаңатасқа жеткіздік. Кейін тас жолдың құрылысына да көмектестік. Ол кезде алдымен топырақ үйіп, үстінен бастырып, құм тасып, шағал тас төседік. Сол жолды қазір кемпірдің көйлегі сияқты әр жерін жамап-жасқап әлі пайдаланып жатыр ғой. Мына іргедегі Сеңгірбайда көл бар. Жұрт бүгінде соның жағалауына барып демалатын болып жүр. Сол көлді 1944 жылы суды бөгеп, қолмен қаздық. Жұмыс қаңтарда басталған, наурызда бітірдік. 1945 жылы Көксай тоғанын қазуға апарды. Әйтеуір, қандай жұмысқа салса да, бел жазбай еңбек еттік, – деді қария. Оның жүзіне көз тоқтата қарадым. Мұңайып, күрсінбеді де. Өзі өлеңге қосқандай, балалық, жастық шағы зұлмат жылдармен тұспа-тұс келгенін жазмыштың жазуы деп қабылдағандай. Осы күніне де шүкіршілік етеді. «Ауданның құрылғанына 70 жылдан астам уақыт өтіпті. Осыншама уақыт еңбек еттік. Өмір бойы кетпен шапқанның арқасы ма деймін тұрып-жүргенім. Қарап отырғанды суқаным сүймейді. Қолымда үлкен қыздың баласы мен келіні тұрады. Солардың екі-үш бас уақ малы бар. Соған қараймын, шөп саламын. Майда-шүйдесі болмаса, көп ауырған емеспін. Дәрігерге де жиі бара бермеймін. Қазіргілер мынау химзауыттың кесірі – ауру көбейіп кетті дейді. Менің ойымша, бұның аса залалы жоқ. Бұл өзі соғыс біткен соң екі жылдан кейін салынды ғой. Кейін іске қосылғанда сол жерден барып, дәрі әкеліп, алқаптарға сеуіп жүрдік. Тисе, бізге тиер еді зияны. Ауырмау үшін еңбек ету керек», – деп сыр шертеді әже. Санасының сергектігіне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдым. Химзауыттың құрылу тарихын білетіндерге оның құрылысы 1947 жылы басталғанын, үш жылдан кейін мемлекеттік тіркеуден өткені мәлім. Ғасыр анасы сол кезде өңір үшін маңызы зор оқиғаның мерзімін жаңылмай дәл айтып отыр. Әз Ананың ақ тілегі Күлбарам әже аздап сыр шертіп, әңгіме-дүкен құрғанына разы. «Қатарым сиреп қалды. Көзкөргендер қыста алысқа ұзап шыға алмайды. Кейбірі далаға шығамын деп, жамбасын сындырып, ғаріп болып қалды деп естимін. Мен де сөйтіп жатып қаламын ба деп қорқамын. Алла маған ұл бермеді. Екінші рет тұрмыс құрған қосағымнан екі қыз тудым. Қыздың қолына қарап қалғым келмеді. Алты жыл бұрын мына өзім салған үйді жиен немеремнің атына жазып бергем. Бір бөлмелі пәтер сұрап, әкімге өтініш айтып едім. Жылы суы, дәретханасы ішінде болса дегенмін. Ауданда ондай мүмкіндік жоқ екен. Енді қанша жасарымды кім білсін. Әйтеуір, біреуге салмақ салмасам деймін», – деп аналық тілегін жеткізді. Қария әлі де тың екен. Бір ғасырдың шежіре тарихын тыңдағандай әсер алдым. Жүзден асқан әже әңгімесі осылай еркін өрбігеніне қуандым. Екі ғасыр куәгері қоштасарда батасын берді. «Менің жасымды берсін, бірақ мен көргенді сендерге көрсетпесін. Еліміз тыныш болсын!» – деді тебіреніп. Иә, лайым солай болғай!
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Аса ауылы, Жамбыл ауданы.