Бизнесті ұршықша иірген
Бизнесті ұршықша иірген
Сәбира Өтепова – аудандағы белді кәсіпкерлердің бірі. Жезқазған қаласында туып-өскен ол 1979 жылы Серік есімді азаматтың соңынан еріп, қасиетті Жамбыл жеріне келін болып түседі. 1980 жылы жары Серік әскерге аттанып, жас келін ата-енесінің қолында қалады. Сөйтіп, үй шаруасын шиырып әкеткен жас келіншек балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналасады. Әскерден оралған жұбайы Серік Өтепов әскери салада жұмыс істейді. Жұмыс бабымен ол 1987 жылы сол кездегі Свердлов, қазіргі Байзақ ауданының Чапаев ауылына учаскелік инспектор болып ауысып, соған сәйкес отбасын да қасына алды. Сәбира бұл ауылда да ширақтығының арқасында жұмысқа белсене араласып кетеді. Алғашында совхоздың азық-түлігін дайындаушы болған ол кейін көкөніс саудасымен айналыса бастайды. 1995 жылы Сарыкемерге көшіп келген соң да Сәбира саудамен айналысуын жалғастырды. Ол жылдары Тараздың орталық базарында тұрмыстық тауар сатса, кейінірек, 2002 жылы аудандық емхана мен ауруханаға жақын жерден дүкен ашып кәсіпкерлігінің көкжиегін кеңейте түседі. Осылайша, табыстың кілтін тапқан оның бүгінде екі супермаркет, бір дүкені мен бір дәмханасы бар. Бастысы, Сәбира Сандықбайқызының халықтың әлеуметтік жағдайымен санасуында. Оның дүкендері мен дәмханасында баға басқаларға қарағанда әлдеқайда арзан. «Жалпы, өз кәсібіңнің тасын өрге домалатамын деген кез-келген азамат бірінші кезекте халықтың жағдайын ойлауы керек. Мен жас кезімнен саудагер болсам деп армандайтынмын және адамдарға барлық қажетін тауып берсем деп ойлайтынмын» дейді кәсіпкер келіншек. Сәбира кейбір жұмыс қуған келіншектер секілді емес, отбасы шаруаларын да ұршықша иіріп отыр. Оның тәрбиелеп өсірген Бейбіт, Бауыржан, Данияр есімді үш ұлы жоғары білімдерінің арқасында өз кәсіптерінің ырзығын теріп жүрсе, қызы Астана қаласында жоғары оқу орнында білім алуда.
Есіркеп СЕРІКБАЙҰЛЫ, ауданның Құрметті азаматы.
Байзақ ауданы.