Мәдениет

Қордайдың Қарлығашы

Қордайдың Қарлығашы

Қордайлық Қарлығаш Қожағазинаның кейінгі есеп беру концерттері «Келінімін Кененнің» деп аталды. Өзін үлкен өнер сахнасына алып шығып, дәстүрлі әнші ретінде алғаш бетін ашқан ақын әндерінің отыз жылға тарта өнеріне арқау болып келе жатқандығынан да шығар... Бәлкім, ақынның туған жері өзінің де өмір сахнасына айналғандығынан ба екен? Қалай болғанда да К. Әзірбаев дүниеден өткенде он бес жастағы мектеп оқушысы күндердің күнінде шалғай шығыстан келіп, киелі Қордай топырағына «тастай батып, судай сіңемін» деп ойлай қойған жоқ. Әншілік дарын оның бойында балаң кезден байқалған. Әкесі Көбес аймаққа белгілі әнші, домбырашы, анасы Тұрсынбаланың да әдемі дауыспен оған қосылатыны бар. Ауылдың бірде-бір той жиыны олардың әнінсіз өтпеуші еді. Өнерпаз ата-ана балаларын да «ауылдың алты ауызымен» қанаттандырған. Қарлығашты тұлымшағын желбіретіп концерттен қалдырмайтын, той-томалаққа да ертіп барып неқилы әншілердің өнерін тыңдататын. Қарлығаш табиғатынан ұяңдау еді, сөйтсе де, ән айтуға деген бір ынтызарлық, іштегі бұлқынған бұла күш түртпектеп қоймайтын. Өзі де құймақұлақ, радиодан жақсы бір ән берілсе тез жаттап ала қоятын. Бірінші сыныпқа барғаннан-ақ, ол мектеп сахнасынан түспейтін. Ебес ағасы домбыра шертуді үйретті. Сөйтіп, қаршадай Қарлығаш Талдықорған облысы, Ақсу ауданындағы өзі туып-өскен Діңгек ауылының «кішкентай жұлдызына» айналып еді. Сахна оның ұяң мінезін ашты. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы. Екі мәрте институтқа талпынғанмен жолы болмады. Үшінші мәрте қалайда түспекке дайындалып жүрген. Бірде құрбысымен ілесіп Қордай жаққа тойға келе қалсын. Әрине, Қарлығаш онда әдеттегідей ән айтты. Әуезді бір әнмен-ақ тойшыл қауымның құлақ құрышын қандырсын. Тыңдаған жұрт оның әніне ғашық болды, қолпаштап қайта-қайта шырқатты. Тіпті, оның өзіне ғашық болып қалған жігіттер де табылды. Ақырында, ол көп ұзамай сол ауылдың келіні атанды. Обалы не керек, ата-енесі Қарлығашты өз ата-анасынан бетер төбесіне көтерді. Ері де өнерін қадірлей білді. Бірде Жаңатұрмыс ауылының басшылары қайын атасы Қабылбек ақсақалға келіп: – Келіндеріңіз әнші екен, ауылымыздың атынан аудандық байқауға қатысуына рұқсат беріңіз, – деп өтінеді. Қария рұқсатымен қоса келініне ақ тілегін ақтарып оң батасын береді. Сол жолы Қарлығаш аудандық байқауда бірінші орын алып, алғаш рет бүкіл Қордайға танылады. Бұл сексенінші жылдардың басы болатын. Бес жылдай ата-енесімен бірге тұрған олар, партиялық қызметтегі ері Қанаттың жұмыс бабымен аудан орталығына қоныс аударады. Қарлығаш аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Бір есептен Жамбыл мәдени-ағарту училищесіндегі оқуы бар, әрі өнерпаздар ұжымымен ауданның елді мекендерін аралап, концерт берулері бар, өнер ортасымен байланысы нығая түседі. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған әншілердің облыстық байқауында Қарлығаш Қожағазинаның бірінші орын алуы кездейсоқтық емес еді. Кенекеңнің әйгілі «Базар-Назарын» шырқады сонда. Ал бұл әннің кез-келгеннің ырқына көне бермес өзіндік ерекшелігі болды. Бұл – көңіл көтеретін ойнақы емес, бір мезгіл терең мұңға батыратын, өзгенің қайғысын ортаға салатын трагедиялық ән. Қос перзентінен қатар айырылған ақынның жүрегін жарып шыққан мұңды әнді тыңдарманның да жүрегін езіп, көзіне жас алдыра отырып орындау, әншінің сол күйді өз басынан өткергендей образға еніп, әннің мазмұнымен өмір сүргенде ғана мүмкін болмақ. Кейіннен репертуарына Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір», «Қара шалы» енді. 1985 жылы Т.Рысқұловтың 90 жылдығына арналған облыс өнерпаздарының концертіне қатысты. Келер жылы облыстық «Жастар дауысы» байқауында жүлдегерлер қатарынан көрінді.Тіпті, республикалық ақындар айтысының, «Тамаша» ойын-сауық отауының концерттік қойылымдарында да ән шырқап, телеконцерттерге қатысқан. 1987 жыл оның өнер өлкесіндегі кезекті самғау кезеңіне айналды. Алматыда өткен Әміре Қашаубаев атындағы II республикалық байқауға елдің түкпір-түкпірінен алпысқа жуық әншілер бақ сынауға келген. Шетінен өз өңірлерінің жүзден жүйрік шыққан дүлдүлдері. Арасында сол кездің өзінде халыққа жақсы танымал бола бастаған Бекболат Тілеухан, Сәуле Жанпейісова, Майра Ілиясова, Рамазан Стамғазиев сынды жас әншілер бар. Әділқазылар алқасының төрағасы сазгер Кенжебек Күмісбеков, мүшелері Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов бастаған өнер саңлақтары. Мұндай алқалы өнер додасына алғаш қатысқан Қарлығаштың қобалжуы түсінікті еді. Көпшілігі арнайы өнер ордасында, білікті мамандардан дәріс тыңдайтын кәсіпқойлардың арасында өзін адасып жүргендей сезінгені рас. Кетіп қалғысы да келді, бірақ киелі сахна жібермеді оны. Қаршадайынан жанын әлдилеп келген ән өнерінің құдіреті бойын билеген қорқынышын басып еліміздің сол тұстағы ең үлкен сахнасына алып шықты ақыры. Ол өз өнерінің бойтұмарындай болып кеткен Кененнің «Базар-Назарынан» бастап, «Бекзатым-ай» және халық әні «Елім-ай» тәрізді иірімі терең күрделі әндерді шырқады. Бірінен бірі өткен мұңды шығармаларды өзіне тән нақышпен тыңдарманның сай-сүйегін сырқырата орындаған белгісіз әншіге жұрт назары бірден ауды. «Кімнің класынан?» деп бір-бірінен сұрасып, артынша кәсіби білімі жоқтығын білгенде, тіпті, таң болды. Қазылардың да жұмысын біраз «қиындатты». Сол жолы не керек, алпысқа жуық үміткердің ішінен үш турда да сүрінбей, Б. Тілеухан мен С. Жанпейісовадан кейін үшінші орынды иеленіп «айды аспанға» шығарды. Бірақ, бұл да кездейсоқтық емес, республикалық деңгейдегі өнер майталмандарының шынайы берген бағасы болатын. Сол жолы ғой мұның табиғи дарынына тәнті болған қазылар алқасы құрамындағы ақын Мәриям Хакімжанова апайы арқасынан қағып: «Жарайсың, сенен бірдеңе шығады», – дейтіні. Ал Жәнібек Кәрменовтің бір жағы қалжыңға бұрып: «Күйеуіңнің жейдесін сатсаң да жақсы домбыра алшы», – дегені. Бұл таңдайынан бал тамған әншінің ел ішінен келген жас әріптесінің қолындағы қарапайым домбыраны қомсынғаны емес, қайта Қарлығаштың бойында тұнған табиғи талант қарымын тани біліп, соған сай биіктен көрінсе деген ағалық тілегі еді. Рас, Қарлығаш бұдан кейін де түрлі дүбірлі байқауларға қатысып жүрді. Мен деген небір өнер тарландарымен сахнаға бірге шығып, олардың жылы лебіздерін де естіді. «Сен қызды көтеру керек, сен әлі өсесің», – дейтін дауылпаз дирижер, ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев. Ол Қордайға келген сайын Қарлығашты іздетіп, әндерін тыңдамай қайтпаушы еді. Ал Шәмші Қалдаяқов Таразда өтетін алпыс жылдық тойында ән айтатын әншілерді қонақүйге жинап алдын ала тыңдағанда, Қарлығаш домбырамен орындаған өзінің «Ана туралы жыр», «Қайдасың» әндерін естіп отырып көңілі босап көзіне жас алған көрінеді. Ұлы сазгерді де осылай әнімен баурап алған қордайлық әнші, «вальс королінің» өзінен оның «Теріскей» әнін үйреніп, ақ батасын алып олжалы оралыпты сол жолы. Жезтаңдай әнші Мәдина Ералиева мұны биіктен көруді армандаған тілеулес құрбысына айналып еді. Алтынбек Қоразбаев болса облыстық филармонияның тізгінін ұстап тұрғанында түрлі концерттерге қатыстырып, көтермелеп отырды.Талантты шәкірті Мейрамбек Беспаевпен бірге баптап, Кененнің «Бозторғай», «Бұлбұлға», өзінің «Қара кемпір» сияқты әндерін үлкен сахналардан шырқатып еді. Мәскеуде 1987 жылы өткен Бүкілодақтық II халық шығармашылығы фестиваліне, одан екі жыл өте Қазақстан мәдениетінің онкүндігіне қатысуы, 2001 жылы еліміздің Майра Ілиясова сынды өнер майталмандарымен бірге Қытайға гастрольдік сапармен баруы – оның әншілік өнері биік деңгейге көтерілуінің айғағы. 2003 жылы «Шырқа дауысым» I республикалық байқауының дипломанты, «Алтын адам» сыйлығының иегері, көптеген облыстық, аудандық деңгейдегі өнер байқауларының жеңімпазы атанды. Қайда жүрсе де Қарлығаш үкілі домбырасын қолынан тастамады. Қазақ әндерінің қай-қайсысы да өзінің табиғатына жараса домбырамен айтқанда құлпырып кемеліне келеді. Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», Мәдидің «Қарқаралы», «Үшқара», Мұхиттың, Кененнің, Үмбетәлінің, Шәмшінің, Кеңес Дүйсекеевтің, Алтынбек Қоразбаевтың көптеген әндері репертуарынан тұрақты орын алған. Жалпы, Қарлығаш жүздей әнді біледі. Оның ішінде, әрине, Кененнің әндері көп. Тек домбырамен айтылатын шырқау шегі биік әндердің ажарын оныкіндей кең тынысты дауыс ашады. Салған жерден әуелей жөнелетін, көш жерге еркін жететін, бүгінгінің тілімен айтқанда нағыз «жанды дауыс». Оның орындауындағы қырғыз әндерінің өзі – бір бөлек әңгіме. Бұл елде де екі елдің тең еңбек сіңірген әртісі Саламат Садықова, Роза Аманова, Динара Акулова, Гүлсім Мамашева сынды әріптес құрбылары баршылық. Қарлығаш Қожағазина келін боп түскелі Қордай елін әуезді әнімен сусындатып, мәдениет саласын дамытуға сүбелі үлесін қосып келеді. Ол аудандық Мәдениет үйінің меңгерушісі де болды, кезінде «Аққу» ұлттық-аспаптар ансамблін құруға да атсалысты. Бүгінде көркемдік жетекші ретінде өнерпаздар ұжымын концерттерге дайындау, жастарға тәлімгерлік жасау қызметін мінсіз атқаруда. Осыны ескерген жерлестері екі жыл бұрын оған «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Төркін жұрты да бұдан қалыспай «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атандырды. «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында Ақсу өңіріне барып жерлестеріне қойып берген концерттерінен түскен қаражатты туған ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Нарсұтбай Есболатов (әйгілі жиырма сегіз батырдың бірі) атындағы орта мектепке тарту етіп келген еді. Ол әрқашан бабында. Нәзік иығына артылған тағдыр ауыртпалықтарын да қайыспай көтере жүріп, сүйікті сахнасына асығып тұрады. Жолдасы Қанат осыдан он жыл бұрын автокөлік апатынан ауыр жараланып, екінші топтағы кемтарлықпен үйде отырып қалды. Одан бері үш рет инсульт алғаны және бар, күнделікті ерекше күтімді қажет етеді. Осы жайға байланысты Қарлығаштың біраз уақыт жұмыстан қол үзіп қалуына да тура келген. Тыңдармандары да күміс көмей әншісін жоғалтып алғандай болған. Шүкір, оқытып, аяқтандырып, жеке отау көтерген екі ұлы мен қызы қолғанатқа жарады. Бес-алты немересін алып бәрі жиыла қалғандағы қуаныштарын айт! Ондайда тебіреніп домбырасын қолына алады Қарлығаш. Көңілін тербеген әндердің бірінен соң бірі ағытылады. Ертеңіне сол әндерді үлкен сахналардан әуелетіп тұрғанын көресіз. Ән өміріне айналған, өмірі әнмен өрілген деп осыны айтар. Өнер биігінен көріне бер,самғауда қанатың талмасын, Қарлығаш! P.S.: Қарлығаш Қожағазинаны кезінде көрші республикада «Кыргызстандын маданиятына эмгек сиңирген ишмер» атағына ұсынылғанын білетін едік. Бірақ, бұл ұсыныс осы елдегі бірден бірге ұласқан мемлекеттік төңкерістердің салдарынан аяқсыз қалды. Бұл солай дейік. Ал өз еліміздегі осындай атаққа да әбден лайықты бола тұра, неге екені белгісіз, бірнеше мәрте жолданған ұсыныстар қол­дау табар емес. Облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы осы мәселеге шындап көңіл қойса екен, дейді қордайлық өнер сүйер қауым.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».

Қордай ауданы.