Әлеумет

Тайқазан Жетісуға жол тартты

Тайқазан Жетісуға жол тартты

Жамағатты қайырымдылық жасауға шақырған Тайқазан сәрсенбінің сәтінде Сарысу ауданына қарай жол тартты. Моноқалаларды дамыту ісін қолға алғалы бері тамырына қан жүгіріп, жандана бастаған аудан орталығы – Жаңатас қаласының орталық алаңына ауданның кәрі-жасы көптеп жиналды. 

Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек биыл Ассамблея жылы болып жарияланғалы атқарылған ізгі істерге тоқтала келе, алдағы уақытта Ұлы Отан соғысына қатысқан 3 ардагердің үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС қаладағы ең көне білім ошағының бірі – М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясына 208 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіп беретінін, биыл жаңатастықтар 5 мың ағаш көшетін егуді жоспарлап отырғанын қуана хабарлады. Сондай-ақ, алдағы уақытта аз қамтылған отбасынан шыққан және үздік оқитын 30 оқушыға Астана қаласын тамашалап қайтуға жолдама берілетінін жеткізді. Ал шара барысында көп балалы аналар ас үй пешін сыйға алды. Соңыра аудан басшылығы мен эстафетаны табыстаушы топ алаң маңына ағаш көшеттерін отырғызды. Талас ауданындағы жақсылықтар тізбегі қайырымдылық концерттен бастау алыпты. Одан түскен қаржыға ҰОС ардагерінің үйіне жарық жүргізілген. І топтағы 9 мүгедек азаматқа дәрі-дәрмек алынып, 3 отбасыға азық-түлік себеті тарту етілген. Болашақта тағы бір ардагердің үйіне 300 мың теңгеге табиғи газ кіргізіліп, өзгелеріне тіс протездері мен есту аппараттарын сатып алу жоспарланыпты. Ал ҰОС ардагері Қаратау қаласындағы «Балалар өнер мектебінде» ұйымдастырылған концерттік қойылымда Бестен Тілепов атамыз теледидарға ие болды. 30-дан астам ұлт өкілі мекен ететін іргеміздегі Жамбыл ауданында «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 ізгі іс» эстафетасы басталғалы 34 отбасына қамқорлық көрсетілген. 51 жекелеген азамат қайырымды істің шапағатына бөленген. Аса ауылының орталық алаңында ұйымдастырылған салтанатты шарада Олжабаевтар отбасы теледидар иеленіп, Е. Утакова мен А. Қуатова ас үй жабдығын сыйға алды. «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС ҰОС ардагерлері мен оған теңестірілгендерге Астана қаласына демалып қайтуға жолдама тарту етті. Жамбыл Бегманов басшылық ететін «Таң» ЖШС көп балалы отбасынан шыққан 20 оқушыға жазғы демалыс лагеріне жолдама табыстады. Қайырымдылықпен, мейірімділікпен асып-тасқан Тайқазан осы күні кешқұрым Тараз қаласына қарай атбасын бұрды. Тарихымыздың темірқазығына айналған Тараз жұртшылығы киелі Тайқазанды қақпадан сəн-салтанатпен күтіп алды. Ертеңіне Тайқазанның Таразға келгенін естіген қала тұрғындары мен қонақтары ҚР Тұңғыш Президенті саябағына жиналды. Мұнда орнатылған үлкен экран арқылы қайырымдылық қазанын əр өңірде кімнің, қандай жақсы істермен толықтыра түскені көрсетілді. Салтанатты жиын барысында Тараз қаласының əкімі Нұржан Календеров соғыс ардагерлерінің үйін жөндеуден өткізу, мүгедек балалар мен көп балалы отбасыларына көмек көрсету жыл бойына жоспарланғанын жеткізсе, «Казфосфат» ЖШС 3,5 мың адамға арналған спорт кешенін ел игілігіне ұсынды. «Кардиохирургия жəне трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының» директоры, «Жүрек-қан тамырлары хирургтері ассоциациясының» президенті Сейітхан Жошыбаев өз орталығында балалар мен ҰОС ардагерлерін жолдамасыз-ақ тегін тексеруден өткізетінін айтты. Облыс əкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Астана, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарын, Алматы қаласын аралап өткен Тайқазанның тек қайырымдылықтың емес, береке-бірліктің нышанына айналғанын атап өтті. Облыс аумағында оңды істер тізбегі жыл бойына үздіксіз жүргізіле беретінін жеткізе келіп, ізгі іс орамын Тайқазанға салды. Мұнан соң Тайқазан Алматы облысынан келген арнайы делегацияның қолына табысталды. Артынша облыс əкімдігінің баспасөз орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Лариса Лысованың, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облысындағы хатшылығының басшысы Ғабит Тұрсынбайдың жəне бірқатар этномəдени орталық төрағаларының қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп, олар журналистердің сауалдарына жауап берді. Сонымен, эстафетадан біз не ұттық? Теледидар сыйлағанда көзі суланған 112 жастағы қарияның ақ батасын алдық. Болмашы салмақ түссе болды сүйектері сына беретін 9 жасар Əсеттің заманауи ұялы телефонды көргенде жүзінің бал-бұл жанғанын көрдік. Аудан əкімінің қолынан домбыра алған жасөспірімнің шаттанғанын байқадық. Кейбір аналарымыздың қуаныштан аузына сөз түспей, дағдарып қалғанының куəсі болдық. Мектеп-интернаттағы жасөспірімдерді қарапайым ғана түрлі-түсті қағаз, доп, ойыншықтар бақыт құшағына ендіргенін тамашалап, ризашылықпен айтқан өлеңдерін тыңдадық. Тек осындай бір шуақты сəттер үшін-ақ Тайқазанды ізгі істермен толтыратын эстафетаның алғыс жаудыруға тұрарлық игі бастама екенін бағамдадық. Эстафета басталғалы облысымызда 600-ге тарта ізгі іс жүзеге асыпты. Бұл – 600 отбасы қуанышқа кенелді деген сөз. Ал демеушілер мұқтаж жанға қолұшын соза отырып, алғысқа бөленіп қана қоймай, екінші бір жанның да жүрегін жібітіп, «мен де бір жанға көмек көрсетсем» деген ізгі ниеттің ұшқынын тұтатты. «Мен де осындай қайырымды іске үлес қосқым келеді» деп, моншақтармен өз қолымен өрген раушан гүлін қарт ана қолымызға ұстатқанда біз осындай ойға тоқтап, қайырымдылық үлкен-кіші болып бөлінбейтініне тағы бір көз жеткіздік.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол». Сарысу – Талас – Жамбыл – Тараз.