«Білімімізді ел болашағына арнаймыз»
«Білімімізді ел болашағына арнаймыз»
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті магистранттарды, докторанттарды шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарына және жоғары оқу орындарына жіберіп, тәжірибеден өткізу бағдарламасын табысты жүзеге асыруда. Бұл жөнінде аталмыш оқу орнының шетелде ғылыми тағылымдамадан өтіп келген магистранттарымен болған баспасөз жиынында толығырақ таныстық. Жиынды жүргізген университет ректоры Махметғали Сарыбеков магистранттар тағылымдамасы жайына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, әлемдегі 18 елдің 53 жоғары оқу орнымен серіктестік жасаған келісіммен осы жылдар ішінде университет магистранттары 13 елдің 19 жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу орталықтарының тағылымдамасынан өтсе, биыл 46 магистрант қатарында Польша, Литва, Беларуссия, Ресей, Қытай елдерінің жетекші оқу орындарында ғылыми тәжірибелерін жетілдіріп қайтыпты. Жиында шетел асып тәжірибе жинап, тағылымдамадан өтіп қайтқан магистранттар өздерінің білім жолындағы сапарлары, алған әсерлері туралы айтып берді. «Химия» мамандығының 2-курс магистранты Айдана Базарханқызы Томск политехникалық университетінде алған дәрістеріне тоқталып, өзінің таңдаған тақырыбын көптен бері зерттеп келе жатқанын тілге тиек етті. Ал «Биология» мамандығының 2-курс магистранты Бибінұр Тәжбенова мұндай мүмкіндіктер еліміздің болашағына тың серпін беретінін атап өтті. – Мен Германиядағы Дуйсберг-Эссен институтында он күндік ғылыми тағылымдамадан өтіп келдім. Алпауыт, дамыған мемлекеттің ғылымымен танысу біз үшін үлкен мәртебе болды. Ондағы алған білімімізді, тәжірибемізді енді өз мемлекетімізде пайдалану жақтарын қазіргі таңда қарастыру үстіндеміз, – дейді Бибінұр Нариманқызы. Ғылым жолын ұстанған жастар жиын барысында өздеріне қойылған сұрақтарға жауап беріп, шетелде ғылыми тағылымдамадан өтулеріне мүмкіндік жасаған Білім және ғылым министрлігі мен ТарМУ басшыларына алғыстарын жеткізді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Тараз қаласы.