Әлеумет

БАТЫР АНА БАҚЫТЫ

БАТЫР АНА БАҚЫТЫ

он бір баланы дүниеге әкеліп, сегіз ұлынан 33 немере, 10 шөбере сүйіп отырған Баян Ыртайқызы Малдыбаева туралы бір үзік сыр

Қазақ ауылындағы сәні мен салтанаты келіскен үйлердің бірі – Баян және Өмен Ниязқұловтар шаңырағы. Осы үйде ерлі-зайыптылар 59 жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Енді екі жылдан соң Өмен жездем сексен жасқа толады. Ол кісінің сексенге иек артса да еңсесі түзу, белі бүгілмеген қалпы. Әдеттегідей, бұл жолы да бізді өзі үйінен шығып қарсы алды. Жаратылысынан қағытпа сөзге, жаяу әзілге жүйрік кісі емес пе?! – Қайын жұрт, мені кәзитке жазайын деп келдің бе? – деді салған жерден. – Жоқ, бұл келісімде он бір баланың анасы атанған Батыр Баян әпкемді жазамын деген ойым бар. Сол-ақ, ол кісі мені ықты-жарға қаратпай үйіне бастап ала жөнелді. Баян әпкеміздің қарасы көрінгенде, жездем одан әрі құрақ ұшып, елпілдеп кетті. Ол бір кездері мектепте қырық жыл орынбасар, директор болған, қазір де қунақы екен. Әпкем сол бәз-баяғы қалпы, мамақаздай маң-маң басып келіп: – Е-е, өзімнің жиенім келіп қалыпты ғой, – деп құшағын жая қарсы алды. Қазақ ауылы – менің нағашы жұртым. Әпкем соны меңзеп тұр. «Балалы үй – базар» деген рас-ау, тегі. Осы үлкен шаңырақта қарттардың гауһар тойы өткенде былайғы жұртты айтпағанда, осы әулеттен тараған отыз үш немере мен он шөбере келіп Баян әпкем мен Өмен жездемнің мойнына асылғанда екеуі де «Барым да, базарым да осы балаларым» деген еді. Ерлі-зайыптылар төргі бөлмеге жайғасып отыра бергенде, қарашаңырақтың ошағын қыздырып, отауын жылытып отырған келіндері Манат пен ұлдары Мейірхан да мол дастархан басына жайғасты. Әңгімені әпкемнің өзі бастады: – Осы жұрт қызық, жақында бір танысым маған «Қай балаңның қолындасың?» деді төбеден түскендей етіп. Мен: «О, не дегенің, баламның қолында емеспін, бала менің қолымда», – дедім. Құдай берген сегіз ұлым мен үш қызым ұядан ұшты. Құтты орындарын тапты. Осының өзі бізге дәтке қуат, жанға шуақ емес пе? Мен жездемнің ұл-қыздарының есімдерін жиі шатастыратынын білем ғой. Балалары жөнінде әпкемнің өзінің айтып беруін өтіндім. Тоғыз ай, он күн көтеріп, әр перзентіне түн ұйқысын төрт бөлген Батыр ана жаңылысқан жоқ. – Осы ауылдың алғаш қадасын қағып, іргетасын қалаған әкемнің еңбегі ескеріліп, есімі көшеге берілген соң ба, жұрттың бәрі мені көрсе болды, үлкендері «өзіміздің қыз келе жатыр» деп, ал кішілері «апа», «әпке» деп амандасып жатады. 1961 жылы осы ауылдағы М. Әуезов атындағы орта мектепте еңбек жолымды кітапханашы болып бастап, өмір бойы бастауыш сыныптарға сабақ бердім. Шешем Уәзипа да, әкем Ыртай да большевиктер партиясының мүшесі болды. 1956 жылы тұрмысқа шықтым. Тұңғышым Серік, одан кейінгі Панзакүл мен Бөріхан жылу жүйесінде істейді. Керімханым – Ақбақайда кенші, Нұрлыханым – шахтер, Мейірхан мен Нұрлан – бірі старшина да, бірі подполковник. Ақмарал – мемлекеттік қызметкер, Ерлан – күзетте, ал Ербол – ішкі істер қызметінің майоры. Манат, Нұрлыхан, Шолпан, Гүлназ, Айман біздің жолымызды қуып оқу орындарында ұстаздық етіп жүр. Ерсейіт деген немерем Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, – деді Батыр ана. Иә, ерлі-зайыптылар қиын-қыстау кезеңде өмір сүріп, балаларын оқытып, үйлендіріп, жайландырды. Осының барлығына қаншама төзім, сабыр керек десеңізші. Өмекеңнің әкесі мен оның інісі Айтқұл майданға кетіп, ол бес жасында жетім қалады. Соғыс, соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезең шешесі Оразкүлге де оңай соққан жоқ. Өмекең көбінесе әжесі Нұрлықыздың тәрбиесінде болды. Бірде аш, бірде тоқ күндерді басынан өткерді. Бірақ жігерлі жігіт жасыған жоқ. Өз бетінше оқып, жоғары білім алды. Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздық етуге, балаларды тәрбиелеуге арнады. Соның жемісін де көрді. Қазақ КСР-нің оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Енді, міне, зейнетке шығып, бала-шағасының қызығын көріп отыр. Үлкен әулет иесі. Өмекеңнен ауылдың үлкені мен кішісі келіп ақыл-кеңес сұрайды. Осынау кішігірім елді мекеннің үлкенді-кішілі түйткілді шаруаларын шешіп беруге ақсақал ретінде ауылдық әкімдік те оны жиі шақырып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, Баян апай да, Өмен ағай да көптің адамы. Оларды ауылдың үлкен-кішісі түгел сыйлайды, құрмет тұтады.

Сейсен ҚОЖЕКЕ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қазақ ауылы, Т. Рысқұлов ауданы.

Суретті түсірген автор.