Саясат

Президент болудан үміткерлер тіркеле бастады

Президент болудан үміткерлер тіркеле бастады

Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенті болуға үміткерлікке өзін-өзі ұсынушылардың алғашқы легінің аты-жөнін жария етті. «2 наурыз күні Орталық сайлау комиссиясына кандидатурасын өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша Асқар Жорабайұлы Сырғабаев өтініш берді. 3 наурыз күні тағы да өзін-өзі ұсыну тәртібімен өз кандидатураларын Сафиолла Қалабайұлы Алдажанов, Лимана Қойшиева, Бақыт Төлегенұлы Әбдікәрімов және Сухраб Әминжанұлы Мырзашов ұсынды», – делінген ОСК таратқан хабарламада. Сөйтіп, комиссияның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін сайлау науқаны барысындағы бәсекеге қатысуға бес талапкер ұсынылып отыр, оның біреуі – әйел адам. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабының 2-тармағына сәйкес, Президенттікке үміткерлерді сәйкестендіруді және оған Конституциямен және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен қойылатын талаптарды Орталық сайлау комиссиясы өзін-өзі ұсыну туралы арыз берілген сәттен бес күн ішінде бекітеді», – делінген баспасөз парағында. 26 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына үміткерлерді ұсыну басталған болатын. ҚР Президенті сайлауы 2015 жылғы 26 сәуірге белгіленіп отыр.

«Ақ жол-Ақпарат».