Жайма аты - «ASATU.kz»
Жайма аты - «ASATU.kz»
Ет асқанда салатын, жайма өндіретін «ASATU.kz» компаниясы тобы құрамында «MARK of PERFECTION», «MP Partners» ЖШС-лары және «Панкеев О.В» жеке кәсіпорны бар. Бүгінде компания шығаратын танымал әрі құнарлы тағамды еліміздің түкпір-түкпіріндегі дүкендер мен сөрелерден кездестіруге болады. 2010 жылы құрылған кәсіпорын әуелі өндірістік базаны жалға алып, оны жаңғыртуда, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде және аумағын көріктендіріп, көгеріштендіруде орасан жұмыс атқарды. 2011 жылы жаңартылған нысанда «ASATU.kz» жаймасын шығаратын алғашқы желі іске қосылды. Ұлттық тағам табиғи өнімнен әзірленеді. Оның құрамына жоғары сұрыпты ұн, тағамдық йодталған тұз және су енеді. Жүз грамм өнімде 10,8 грамм белок, 1,3 грамм май және 68,4 грамм көмірсу бар. Компания 300 грамдық және 3 килограмдық салмақта шығарылатын тауардың сыртқы қаптамасының сәнді болуына ерекше көңіл бөледі. Жайма жылдам әрі жеңіл, небәрі 7 минутта піседі. Мұның өзі ас әзірлеушінің 60-90 минут уақытын үнемдейді. Сақтау мерзімі – 12 ай. Бірінші мамандандырылған желі айына 47 тонна өнім шығарады. 2013 жылы екінші мамандандырылған желінің құрылысы басталды. Өндірісті қызметті кеңейту нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылуда. 2011 жылы кәсіпорында 37 адам жұмыс істесе, бүгінде олардың қатары 77-ге жетті. Мұнда әрбір әлеуетті ізденушіге кәсіпорын 3 күндік тегін оқу жүргізеді. Компанияның несиелік және дебиторлық, салық пен міндетті төлемдерге қарызы жоқ. «ASATU.kz» компаниясы тобы мемлекеттің қолдауын айқын сезініп келеді. Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бірқатар өндіріс буындарына газ кіргізіліп, трансформатор орнатылды. Екінші өндірістік желі үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылады. Олар келешекте «ASATU.kz»-ның еншілес кәсіпорны – «MP Partners» ЖШС-да ұннан кеспе өндіруді көздеп отыр. Өндіріс толық қуатында жұмыс істегенде 2017 жылы жұмысшылардың саны 240-қа жетіп, тауар айналымы жылына 1 миллиард теңгені құрайды. Салыққа жылына 70 миллион теңге құйылады және экспортқа 200 миллион теңгенің өнімі жөнелтіледі. «ASATU.kz» компаниясы тобы жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгені, инновацияны кеңінен енгізгені үшін бірнеше рет мемлекеттік марапатқа ие болды. Украина, Ресей Федерациясы, Беларусь, Қазақстан Республикасы рейтингтері – Ұлттық бизнес одағының қабырғалық алтын медалі және «2014 жылдың сала көшбасшысы» сертификатын иеленді. Қазақстанның халықаралық беделін нығайту және экономикасын дамыту, Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Даңқы» орденімен және «Тиімділігі үшін» медалімен марапатталды. Тараз қаласы.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.