Отан үшін тілегіміз ортақ
Отан үшін тілегіміз ортақ
Елбасымыздың елімізде мерзімінен бұрын сайлау өткізуге қатысты Қазақстан халқына үндеуін тебіренбей тыңдауың еш мүмкін емес. Бүгінгі әлемдік геосаяси жағдайды боямасыз нақпа-нақ түсіндіріп, кезектен тыс сайлауды өткізудің маңыздылығын, саяси мақсатын қолмен қойғандай етіп айтып берді. «Ел ішінде биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізу мәселесі қызу талқылануда. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі көтерген бастамаға қоғам өкілдері жан-жақты пікір білдіруде. Барша жұрт кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бастамасына қызу қолдау білдіріп отыр» деп Елбасы дөп басып айтты. Елбасының ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын да халық қош көрді. Оған Түркістан ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі тұрғындардың құп алуы куә. Округке Ә.Бүркітбайұлы, Арыстанды, Үшбас елді мекендері қарайды. Аймақта оннан аса ұлттың өкілі бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Мысалы, Арыстанды ауылында негізінен күрді ұлтының өкілдері тұрады. Олар Қазақстанды Отанымыз деп таниды. Мектепте сабақ мемлекеттік тілде жүргізіледі. Жақында сол ауыл тұрғындарымен кездескенімізде «Президент дұрыс шешім қабылдады. Егер елімізде барлық ұлттың адамдары тату-тәтті өмір сүрсе, оның барлығы Елбасымыздың арқасы» деді. Иә, бейбіт өмір мен ұлттардың ажырамас бірлігінің кепіліне айналған Президентімізге ел сенімі ерекше. Содан ба, қазірдің өзінде бұл орынға Ұлт көшбасшысы-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев лайықты деп риясыз айтуда. Егер Президентіміз сайлауға өз кандидатурасын ұсынатын болса, біздің округ сайлаушыларының түгел дауыс беретіні бүгіннен-ақ белгілі болып отыр. Қазақта «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген мақал бар. Сол айтпақшы, тәуелсіз мемлекетімізді кемел келешекке бастаған Елбасының ел тағдыры сарапқа салынар сайлауға түскенін қалаймыз. Ауыл тұрғындарының ортақ тілегі де осы.
Дәулетбай ШОРТАНБАЕВ, Түркістан ауылдық округінің әкімі.
Сарысу ауданы.