Бірігіп қана биіктерді бағындырамыз
Бірігіп қана биіктерді бағындырамыз
Өзін мұсылман санайтын адам ешқашан басшысына қарсы шықпайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Жылдар көші көмескіленіп, тарих қойнауына кете салғанымен, сол жылдарда атқарылған алымды тірліктер, жеткен жетістіктер сана төрінен ешқашан өшпейді. Бағзы ғасырлардан бері бейбітшілікті ізгі мұратына балаған қазақ елі еркіндікті аңсаумен, зарыға күтумен болды. 1991 жылы қол жеткен сол тәуелсіздікті енді біз көзіміздің қарашығындай қоруымыз керек. Көз ұшынан сынаптай сырғып жатқан жүйрік уақыт бізге соны ұқтырды. Мемлекеттің мерейлі, беделді, абыройлы болуы басшыға байланысты екені әлімсақтан белгілі. Жас мемлекеттің тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ елін әлемге танытты. Танытып қана қоймай, орта жолда кездескен қиындық атаулымен тік тұрып күресті. Сол күрескерлік, мемлекеттілік қасиеттер бізді зау-зау биіктерге бастады. Оны спортшылар да көзімен көріп, жүрегімен түйсінді, сезінді. Қазір қарап отырсақ, әлемде дағдарыс деген дүлейдің жаңа бір толқыны қылаң берді. Талай мемлекеттің экономикалық иммунитеті кәдімгідей әлсірей бастағанын бәріміз байқап отырмыз. Бірақ, сол толқынның жағаға шарқ ұрғаны бізге білінер емес. Әрине, ол Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігін, мықты саясаткер екендігін айқындай, айшықтай түседі. Мемлекет басшысы қажет болса, мықты экономист деп те айтар едім. Ел басқару үшін бар саланы мықтап білу қажет болса, біздің Президент сала атаулының бәрінің жілігін шағып, майын ішкен. Иә, ел азаматтарының көңіл-күйі дұрыс, ертеңге деген сенімі нық. Біз қашанда тұрақтылықты, бірлікті, баянды тірлікті қолдайтын халықпыз. Менталитетіміз сондай. Қазақстан халқы Ассамблеясы көтерген ұсыныс назардан тыс қалмай, Елбасы Үндеу жариялап, 26 сәуір ел Президентін сайлау күні болып белгіленді. Бұл – өте дұрыс, салиқалы ұйғарым. Еліміздің дамуға бет алған керуен көші әрмен қарай жалғаса берсін, спортшыларымыз толайым табысқа жетсін десек, біз сайлауды қолдауымыз керек. Барлық азаматтарды, спортшыларды соған шақырамын. Бәріміз бірігіп, бір атаның баласындай болып, татулық үшін, бірлік үшін, ең бастысы жарқын болашақ үшін сайлау учаскелерінен табыла білейік!
Ислам Байрамуков, еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері.