Экономика

Аймақ тауарларын қалай экспорттаймыз?

Аймақ тауарларын қалай экспорттаймыз?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерліктің экономика локомотиві екенін алқалы жиындарда жиі айтып келеді. Кедендік одақ және көршілес Орта Азия мемлекеттеріне қарағанда елімізде бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Барлық деңгейдегі кәсіпкерлерге салық салуда, құқықтық қатынас және тексеруші құрылымдардың тарапынан оң көзқарас қалыптасқан. Дегенмен, энергетикалық жүйелерге қосуда бірқатар қиындықтар да жоқ емес. Әйтсе де олар біртіндеп оң шешімін табуда.

Әлемде көптеген мемлекеттер өркениетке нарықтық экономиканы дамыту арқылы қол жеткізген. Шағын және орта бизнес кез-келген елдің экономикасының негізі болып табылады. Әйтсе де бүгінде Қазақстан экономикасының осы секторы ішкі нарыққа бағдарланған. Ал Германияда шағын және орта бизнес үлесі 80 пайызды құрайды. Бірқатар шағын компаниялардың бәсекеге қабілетті өнімін әлемнің барлық түкпірінен кездестіруге болады. Әлбетте, ұсақ кәсіпорынның осындай дәрежеге өздігінен қол жеткізе алмайтыны кімге де болса аян. Олар бұған мемлекеттің қолдауы мен көмегінің нәтижесінде қол жеткізуде. Елбасымыз еліміздің алдына әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына ену міндетін қойып отыр. Оған қол жеткізу үшін бизнесімізді жоғары деңгейге көтеріп, өнімдерімізді экспорттауға тиіспіз. Бұл бағытта бізде жинақталған тәжірибе де аз емес. Әлемдік нарыққа шығаратын бәсекеге қабілетті тауарларымыз да бар. Дегенмен, біздің компаниялар арнайы мамандандырылған шағын тауар ассортиментін ғана шығарады. Өндірілетін тауарларымыздың түрлерінің аздығы өндірушілерге өнімін алыс шетелдерге экспорттауға мүмкіндік бермей отыр. Егер бірнеше өндірушілер бірлесіп, тауарларын шетелдік нарыққа жөнелтетін болса, біздің әлеуетіміз едәуір арта түсері сөзсіз. Бізге тауарларымызды экспорттау тәжірибесін Жапониядан үйренуге болады. Бұл елде экспорт стратегиясы өте жақсы дамыған, кәсіпкерлерді ұзақ мерзімді бағдарламаларымен қолдайды. Мұнда 2006 жылы «Ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы министрлігі» аясында «Шетелдердегі жапон мейрамханаларына көмек көрсетуді ұйымдастыру» кеңесі құрылған. Кеңес осыған орай ауыл шаруашылығы және теңіз өнімдерін әлем елдеріне экспорттауға көп ықпал жасады. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде әлемде жапон мейрамханалары мен ас үйлері көптеп ашылып, «суша» және «рола» тағамын дүйім жұртқа танытты. Қазір жапондық тағамдар пісірілетін мейрамханаларды дүниежүзінің көптеген елдерінен кездестіруге болады. Біздің елімізде де Елбасының тапсырмасы және тікелей қолдауымен шағын және орта бизнесті өркендетуде ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер атқарылуда. Кәсіпкерлер палатасы әрбір кәсіпкерлік субъектісінің құқығын қорғауда. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мемлекеттік бағдарламалар аясында қажетті ақыл-кеңес беруде және қызмет көрсетуде. Әйтсе де бүгінде осы ұйымдардың базасында шағын және орта бизнес субъектілерін біріктіру және кластерлік бірлестіктерді құру үшін кеңес орталығын құру қажеттігі туындап отыр. Ұсынылып отырған кеңес орталығы әрбір кластерлік қызметті құрылымдайды және біріктіреді. Кластер бойынша жауапты кеңесші маманның басшылығымен өндіруші өз тауарының сапасы мен сыртқы мәліметтерін жақсарта түсер еді. Бастапқы кезде топтың қалыптасуы үшін жоғары дәрежелі маманнан немесе маркетинг агенттігінен кеңес алу қажет. Экспортты ұйымдастыру біртұтас мемлекеттік кеңес орталығының қарауында болады. Өндірушілер бір марканың аясында бірігу үшін заңды нысандары бар, сауда маркасын пайдаланғаны үшін франшиза сияқты лицензиялық келісім-шарттар қарастырылған. Әрбір кластер таңдалған сауда маркасы аясында бірігіп, өздері өндірген тауарларды шетелдік нарыққа шығарады. Мұның өзі өндірушілеріміздің экспорттық әлеуетін арттыруға кең жол ашады. Облысымызда өз өнімдерін экспортқа шығара алмай отырған кәсіпорындар аз емес. Егер жоғарыда айтқандарымыз жүзеге асса, сыртқа ет және сүт, нан және макарон өнімдері және қалбырланған тауарларды көптеп өткеруге мүмкіндік туады. Бұған облысымызда мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біздің облысымыз елімізде ірі шұжық өндіруші болып табылады. «Подгорный» және «Мясной мир» кәсіпорындарының өндірген тауары жамбылдықтардың мақтанышына айналғалы қашан?! Осындай бәсекеге қабілетті өнім өндіргеніне қарамастан олар өз өнімдерін экспорттай алмай отыр. Аймақта қалбырланған жеміс және көкөніс өндіретін және тоқтап тұрған кәсіпорындар баршылық. Олардың қандай себеппен тоқтап тұрғаны маңызды емес. Олар іске қосылып, өнім өндірсе, ішкі нарықты да, сыртқы нарықты да халыққа аса қажетті табиғи өнімдермен қамтамасыз етер еді. Бұған көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы «Песня лета» кәсіпорнының тәжірибесі куә. Ұннан қазақша етке қолданылатын жайма жасайтын «ASАTU.kz» компаниясының өнімі бүгінде елімізге кеңінен танымал. Жайма – қазақ ет тағамының ең негізгі өнімі. Осы тауардың аясында «ASАTU.kz»-пен бірлесіп, ұн және макарон өнімдерін өндіретін «Рола» және «Ақтоған» кәсіпорындары экспортқа өнімдерін шығаратын болса, үлкен тиімділікке қол жеткізер еді. «ASАTU.kz» компаниясы тобы басшылығы келешегі бар әлеуетті әріптестермен бірігуге қай уақытта болса да әзір. Біз үшін оңтайлы да қолайлы нарықтың бірі – Ресей Федерациясы. Географиялық көршілігіміз, көп жылдық экономикалық, достық байланыстарымыз, діліміздің сәйкестігіне байланысты біздің өндірушілерге тауарларын осында экспорттауына мүмкіндік мол. Қазір Ресейде рубль бағамының құлдырауы, ол елдегі экономиканың баяу дамуына қарай жағдай әркелкі болып тұр. Бұдан біраз уақыт бұрын осындағы жоғары бәсекелі нарыққа кіру біз үшін өте қиын болатын. Бүгінде Ресей өндірушілері өздерінің тауарларын шетелдерге өткеруге мүдделі. Мұның өзі олар үшін өте тиімді. Соның салдарынан басқа жерлерді былай қойғанда, Мәскеудегі бірқатар дүкендерде тауар тапшылығы айқын сезілуде. Демек, бізге тауарларымызды осында экспорттаудың үлкен мүмкіндігі туып тұр. Қандай да болсын біздің облысымыз айына бір рет шетелге жіберетін тауарды 20 немесе 30 вагонға көбірек жіберсе, нәтиже де жақсара түседі. Әлбетте, жағдай осылай қалыптасып тұрған кезде біздің бұл әрекетіміз үлкен табысқа кенелте қоймас. Оны аз табуымыз да мүмкін. Ең бастысы – біз көрші елдің нарығына кіреміз. Бәлкім, бірқатар кәсіпорындар бір кәсіпорынның бренді аясында өнімін экспортқа өткеруге ниет таныта қоймас. Сондықтан да қажет болса оны әкімшілік ресурстар арқылы өткізу қажет. Жетекші марканы таңдауда ұлттық колориті барына басымдық беру керек. Бірақ, біраз уақыт өткен соң бұл әдістің дұрысы мен тиімділігін кім де болса айқын сезінеді. Бұған бүгінде жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың басшылары да бейжай қарамауы тиіс. Олар иеліктеріндегі компанияларды жалға беруі немесе оларды сатып, мәселені шұғыл шешуі керек. Өнімдерімізді экспорттаудан жергілікті нарық зардап шекпейді. Бұдан кәсіпкерлер де, еліміз де ұтады. Мемлекеттік кеңес орталықтарымен экспорттық жеткізіп беруде тығыз ынтымақта жұмыс істеген компаниялар табысқа кенеледі әрі бұл жұмыс мемлекет үшін де жоғары дәрежеде мөлдір болады. Кәсіпорындар тауарларын сыртқа көптеп шығарған кезде өндірістік қуаттарды қайта жаңғыртуға тура келеді. Еліміздегі тауарларды экспорттауда осындай мемлекеттік қолдау тетіктерін жүзеге асырған кезде кластерлік жүйені құру және бағдарлау, индустрияландырудың екінші бесжылдығын табысты жүзеге асыруға кең жол ашылады. Бұған облыс басшылары және құзыретті орган өкілдері бейжай қарамайды, шағын және орта бизнес өкілдерін экспорттық нарыққа бағдарлауға көмек-қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.

Олег Панкеев,  «Панкеев О.В» жеке кәсіпорнының директоры.

Тараз қаласы.