Экономика

КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ОТАНДЫҚ БИЗНЕСТІҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ОТАНДЫҚ БИЗНЕСТІҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

456Нұржан Әлтаев, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары: –  Қарапайым қазақы таным-түсінікке салсақ, Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасын отандық бизнестің арқасүйері, қамқоршысы деп білеміз. Яғни, палатаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін жан-жақты қорғау екені мәлім. Осы бағытта нақты қандай іс-шаралар атқарылуда?

 Дұрыс айтасыз, бүгінде отандық бизнесті қолдауға  мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Бизнес өкілдері өздерінің жан-жақты қорғалғанын сезініп, жекеменшік бизнесін дамыту жолында Ұлттық кәсіпкерлер палатасын сенімді тірек деп білуі біз үшін аса маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Кәсіпкерлер палатасы ұлттық бизнесті дамытудың басты әдіскері болуға тиіс-ті. Сонымен қатар, ол Үкіметтің сенімді және білікті серіктесіне, мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде оның ұжымдық кеңесшісіне айналады» деген болатын. Бүгінде Кәсіпкерлер палатасы әкімшілік кедергілерді азайту, бизнестегі түйінді мәселелерді шешу бағытында көптеген іс-шаралардың басы-қасынан табылуда. Палатада арыз-шағымдар қабылдау үшін онлайн-сервистер ашылды. Арнайы байланыс қызметі мен республика бойынша бірыңғай телефон нөмірі жұмыс істеп тұр. Оған осы кезге дейін 18 мыңнан астам қоңырау шалынды. 2014 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнестің қорғалуы бағытында 4500 шағым келіп түскен, оның 1600-ы орталық аппаратқа, 2900-ы аймақтық палаталарға тиесілі. Әрбір үшінші мәселе бойынша, яғни, 1400 шағым тиісті шешімін тапты. Бізге жолданған арыз-шағымдардың дені жер қатынастарын реттеу, архитектура және құрылысқа жауапты жергілікті атқарушы органдарға (17%), сатып алу мәселелері (12%), салық органдары (5%), көлік мәселелері (4%), сыртқы экономикалық қызмет пен кеден саласы (3%) және сауда қызметіне (3%) қатысты. Жыл ішінде кәсіпкерлерден тәркіленген жалпы құны 12 миллиард теңгені құрайтын мүлік өз иелеріне қайтарылып, оларға салынатын айыппұл мен өсімпұлдар күшін жойды. Сол сияқты, астық жеткізуге қатысты айыппұлдар көлемі 20 пайыздан 10 пайызға қысқарды. Кейбір өңірлерде Кәсіпкерлер палатасының атсалысуымен электр қуатына алдын ала 100 пайыздық төлем жасау талабы өзгертілді. Көптеген кәсіпорындар алдын ала төлемнен үнемделген қаржыны айналым қорын толықтыруға жұмсап, осының арқасында өндіріс көлемін арттырып отыр. Кәсіпорындардың басым көпшілігі несиеге алынған қаражатқа жұмыс істеп отырғанын ескеретін болсақ, бұл шара бизнес өкілдерінің жылына 135,0 миллион теңге үнемдеуіне жағдай жасамақ. Тағы бір нақты мысалға тоқтала кетсек, еліміздегі белгілі тұрмыстық және компьютерлік техника дүкендері  (Мечта, Технодом, Alser, LogiCom – ред.) иелерінің ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін WIFI желісі құрылғыларын сатып алу құжаттарын қаржы полициясы тарапынан тәркіленуіне қатысты мәселесі Кәсіпкерлер палатасының араласуымен оңтайлы шешімін тапты. Осылайша  қаржы айналымы жылына 180 миллиард теңгені құрап отырған кампаниялар жұмысының тоқтауына жол берілмеді. Осы секілді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ықпалдасуымен жүзеге асқан жобалар, нақты шешімін тапқан мәселелер баршылық.

–Айталық, өз кәсібін ашуға ынталы, бірақ алғашқы капиталы жоқ адам Кәсіпкерлер палатасына келіп көмек сұрай ала ма?

–      Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне қаржылық жағынан емес, олардың құқықтарын қорғау және мүдделеріне өкілдік ету, жалпы бағыт-бағдар беру тұрғысынан қолдау көрсететінін ескерген жөн. Мәселен, былтырғы жылы 30 мың дана таралыммен «Шағын кәсіпкерлікке арналған 100 жоба» анықтамалығын шығарып, оны өз ісін жаңадан бастап жатқан жас кәсіпкерлерге әдістемелік құрал ретінде ұсындық. Ол бойынша өңірлерде нақты 300-ден астам жоба жүзеге асырылды. Анықтамалықтың кез-келген адамға қолжетімді екенін ескерте кетейін, оны палатаның ресми сайтынан табуға болады. Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның өңірлердегі филиалдарының базасында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету және Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары құрылуда. «Бір терезе» жүйесі бойынша қызмет көрсететін бұл орталықтар бизнес өкілдерінің жұмысын анағұрлым жеңілдетуі тиіс. Олардың жанынан кәсіпкерлікке баулу мектептері ашылып, сондай-ақ, іргелі кәсіпорындарда мастер-класстар ұйымдастырылуда.  Қысқасы, «еңбек етем, өз кәсібімді ашып, табыс табам» деген адамға мейлінше қолдау білдіруге әзірміз.

– Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан отандық бизнестің аяғына тұсау болатын әкімшілік кедергілерді азайту үшін заңға қандай өзгерістер енгізуді ұсынды?

– Кәсіпкерлер палатасы 4 мыңға жуық құқықтық нормативтік актіге зерттеу жүргізді. Қазақстан Республикасының заңына өзгеріс енгізу туралы барлығы 630-дан астам ұсыныс жасалды. Бүгінде оның 450-ден астамы мақұлданды. Палата ұсынған 152 өзгеріс 2014 жылдың желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізіліп отыр. Бұл өзгерістер бизнес өкілдеріне қолбайлау болып отырған жайттарды мейлінше азайтып, бірқатар қордаланып қалған түйінді мәселелерді шешуге жол ашты. Атап айтқанда, IV деңгейлі нысандар үшін қоршаған ортаға эмиссияларға міндетті рұқсат алу талабы жойылды. Бұл әсіресе, ауылдық жерлердегі фермерлік, шаруа қожалықтарына көп жеңілдік болды. Осының арқасында қожалықтардың шығыны 12,4 миллиард теңгеге қысқармақшы. Құрылысқа қатысты бұрын жалпыға бірдей міндетті болып келген санитарлық-эпидемиологиялық экспертиза мәселесі де оң шешімін тапты. Сондай-ақ, құрылыс нысанын пайдалануға берудің қымбат әрі ұзақ күттіретін тәртібі де жеңілдетілді. Енді келесі жылдан бастап, нысанды пайдалануға тапсырыс берушінің өзімен қатар, мердігер мен техникалық қадағалау қызметкерлері қабылдап алатын болды. Елді-мекендерде құрылыс жүргізуге байланысты жер телімін алу тәртібі де оңтайлы жолға қойылды. Бұл арқылы кәсіпкерлердің шығыны шамамен 4 миллиард теңгеге қысқармақ. Сонымен бірге, заңды тұлғалардың шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін мемлекеттік тіркеу және қызметін тоқтату туралы тіркеуге ақы алынбайтын болды. Міндетті төлем тәртібін алып тастау арқылы кәсіпкерлер жылына 77,6 миллион теңге үнемдей алады. Сол сияқты, арнайы мөрдің болуын міндеттейтін және құрылтайшылық келісім-шартты нотариалды растау туралы талап та алынып, кәсіпкерлердің шығынын едәуір қысқартпақшы. Тап осы құжаттарды нотариалды растау мәселесі бизнес өкілдеріне көптеген ыңғайсыздықтар мен артық шығындар әкеліп, кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай кедергі болып отырғанын айта кету керек. Кәсіпкерлер палатасы осы кедергілерді мейлінше азайтуға күш салуда. Алдын ала есеп бойынша, құжаттарды нотариалды растау туралы талапты қысқарту арқылы жылына шамамен 25-26 миллиард теңгені үнемдеуге болатыны анықталды. Түптеп келгенде, аталған заңға өзгерістер енгізу арқылы отандық бизнестің өндірістік емес шығындарын азайтуға, әкімшілік органдардан рұқсат алу мерзімін қысқартуға, кәсіпкерлік қызметтің өнімділігін арттыруға және бизнес пен билік өкілдерінің арасындағы жемқорлық  деңгейін төмендетуге мүмкіндік жасалып отыр деуге болады.

–  Әйтеуір, бұрынғыдай емес, кәсіпкерлікпен айналысам деген адамға мемлекеттің көзі түзу, жебеп-демеп жіберуге әзір тұр. Халық та бүгінгідей аумалы-төкпелі кезеңде «үкіметім өлтірмес» деп мемлекетке алақан жайып, арқаны кеңге салып отыра беруге болмайтынын, кәсіп ашып, қамдану керек екенін жақсы түсінеді. Дегенмен, кәсіпкерлікті неден бастау керек екенін білмей, «тәуекелге барып, табыс табам деп жүргенде тақырға отырып қалмас па екенмін» деп жүрексінетіндер әлі де баршылық. Халықты бизнес сауаттандыру, білікті мамандар даярлау мәселесі қалай шешілуде?

Расында, қазірде әлем жұртшылығы алмағайып кезеңді бастан өткеріп отыр. Кейбір мемлекеттерде тіпті соғыс өрті өршіп, халқы мазасыз күй кешуде. Мұнай бағасы қысқа күнде қырық құбылып тұр. Дамыған алпауыт елдердің өзіне қаржылық дағдарыстың әсері оңай тимесі белгілі.  Осындай қысылтаяң тұста Қазақстанның да қам-қарекетсіз жатпағаны анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қадағалауымен кәсіпкерлікті өрістетуге жан-жақты мүмкіндіктер жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық өнімді қолдау, білікті мамандар даярлау, халықты бизнес сауаттандыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, кәсіпорындардың сұранысына сәйкес мамандарды дуальды оқыту жүйесін енгізу бойынша Жол картасын жасап, оны іске асыруда. Жол картасы аймақтар бойынша 11 маңызды саланы, 206 колледж, 83 мамандықты қамтиды. 2014-2016 жылдар аралығында 611 кәсіпорынның тапсырысына сәйкес 10 мыңнан астам маман әзірлеу жоспарлануда. Кәсіптік білім беретін колледждерде көбіне тәжірибелік дәрістерге басымдық беріліп отыр. Дуальды оқыту жүйесі бойынша барлық колледждердің оқу жоспары кәсіпорындар мен Кәсіпкерлер палатасының  жергілікті филиалдарымен мақұлданады. Ел бойынша мамандарға деген сұранысты анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізіліп, оған 8363 кәсіпорын және 11 салалық ассоциация қатысқан болатын. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, бүгінде кәсіпорындар жылына 70 мың маманды қажет ететіні анықталды. Салалық ассоциациялармен бірлесе отырып, дуальды оқыту жүйесін дамытуға кедергі тудыратын 16 құқықтық-нормативтік актіге өзгерістер енгізу жобасын әзірледік. Бұл өзгерістер оқу жүйесін кәсіпорындар талабына сай жоспарлауға мүмкіндік беретін болады. Жұртшылықты кәсіби мамандандыру бағытында  арнайы оқу орталықтарын көптеп ашу жұмысы жүйелі жүргізілуде. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 13 оқу орталығы жұмыс істеп тұр. Өңірлерде 6 студенттік бизнес-инкубатор құрылды, 6 аймақта орта мектептерде, колледждерде 21 кәсіби мамандандыру кабинеттері жұмыс істеуде. Мектептерде жоғары сынып оқушыларына арналған «Кәсіпкерлік негіздері» қосымша курстарының бағдарламасы әзірленді. 10 кәсіпорынмен 11 колледжді өз бақылауына алу туралы арнайы келісім-шарт жасалды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта басқа да өндіріс орындары мен кәсіптік-техникалық  білім беру орындарына енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді экономикалық жағынан ынталандыруға негізделген Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұжырымдамасы дайындалды. Бұл тұжырымдамада салықтық жеңілдіктер, жауапты мемлекеттік сатып алулар, әлеуметтік  маңызды инвестициялау мәселелері қамтылған. Сайып келгенде, бүгінгідей қиын-қыстау тұстан кемемізді теңселтпей, барымыздан шашау шығармай алып шығу әрқайсымыздың борышымыз деп білемін. Қазақстанның бүгінгі әлеуеті кез-келген экономикалық түйіткілді шешуге қауқарлы. Дегенмен, табиғи байлыққа иек артып, арқаны кеңге салып отыра беруге әсте болмайды. Біз өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан елес болып қалған, масылдыққа апаратын тұтынушылық қоғамнан арылып, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруды мақсат еттік. Елбасы өзінің жыл сайынғы Халыққа жолдауларында осы мәселені үнемі назарда ұстап келеді. Жаңа ғасырда, жаҺандық бәсекелестік жағдайында ілгерілеудің негізгі шешуші факторы еңбек болмақ. Және тек тынымсыз еңбектің арқасында біз қандай да бір қаржылық қиындықты жеңіп, ел экономикасын өрге сүйрей алатынымыз анық.

–       Әңгімеңізге рахмет!