Әлеумет

Ардагерлер ерлігі – ұрпаққа үлгі

Ардагерлер ерлігі – ұрпаққа үлгі

Ағымдағы жылғы наурыз айының 2-сі күні елімізде «Ұлы Жеңіске – 70 жыл: 70 қайырымдылық іс» қайырымдылық айлығы аясында «Жеңіске дейін 70 күн» атты есептің басталғандығы белгілі. Міне, осынау ауқымды іс-шараның шеңберінде кеше Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Қамқорлық және денсаулық» автокеруенінің облыстың қалалары мен аудандарын аралаған бір айлық сапары барысында жинаған соғыс ардагерлерінің болашақ ұрпаққа арнаған жолдауы салынған капсуланы жерге көму рәсімі өтті. Жиынға мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер,«Нұр Отан» партиясының облыстық және Тараз қалалық филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Оңтүстік» өңірлік қол­басшылығы мен жастар бірлестіктерінің және бұқара­лық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Уәтай Әлімқожаевтың және қала жұртшылығы өкілдерінің халқымыздың біртума ұлы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сөз алып, Ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы Ұлы Жеңістің тек аға ұрпақтың жанқиярлық ерлік ісі, қажымас қайраты арқылы ғана келгендігін, гитлерлік Германиямен арадағы жан алысып, жан беріскен сұрапыл соғысқа 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандықтың, соның санатында облыстан әр төрт адамның бірі қатысқандығын, соғыста өшпес ерліктің өнегесін көрсеткені үшін Кеңес Одағының Батыры атанған 458 қазақстандықтың қатарында жамбылдық 20 жауынгердің барлығын және бүгінгі тәуелсіз елімізде алаңсыз бақытты ғұмыр кешіп жатқан ел азаматтарының қай-қайсысы болсын, әр уақытта да олардың алдында құрметпен бас иетіндігін атап көрсетті. Ерқанат Нұрбапаұлы, сондай-ақ, «Жеңіске тағзым» айлығы аясында облыс әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Жамбыл жол бөлімшесінің ұйымдастыруымен жолға шыққан «Жеңіс пойызының» облыс аумағындағы 38 стансаға атбасын тіреп, темір жол саласында жұмыс істейтін 2449 қызметкердің отбасындағы соғыс және еңбек ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне медициналық және әлеуметтік көмек пен басқа да қызмет түрлерін көрсеткендігін жеткізді. Облыс аумағында ардагерлерге қатысты қайырымдылық шараларын ұйымдастырудың алдағы кезеңде де үнемі басты назарда болатындығын, барлық елді мекендердегі Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске, майданда қайтыс болғандарға арналып қойылған ескерткіштерді жөндеу, қайта қалпына келтіру, маңайларын абаттандыру жұмыстарының қолға алынатындығын атап көрсетті. Бүгінгі соғыс ардагерлерінің тілегі салынған капсуланы салтанатты қою рәсімінің, аға ұрпақтың кейінгі буынның келешегі үшін жасаған ерлік ісін мәңгі есте қалдыру мақсатымен жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралардың құрамдас бөлігі болып табылатындығын тілге тиек етті. Сол сияқты, жиында сөз сөйлеген Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері Мадияр Байжанов, өлең оқыған М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Айбек Қадырәлиев та ер есімінің, қай уақытта да болсын ел жадында болатындығына тоқталды. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңістің 100 жылдығына байланысты 2045 жылғы болашақ ұрпаққа арнаған тілегі салынған капсуланы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Уәтай Әлімқожаев пен Нигмат Ахметов стелланың жанынан арнайы дайындалған «Ұлы Жеңістің 100 жылдығында, 2045 жылы капсуланы ашып оқу үшін», деген сөздер жазылған мәрмәр тақтаның түбіне салтанатты жағдайда көмді. Содан соң, ардагерлер тал отырғызды. Жиын соңы жергілікті өнер шеберлерінің күшімен қойылған концерттік бағдарламаға ұласты.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».