Жаңа тәсіл жетістіктерге жеткізбек
Жаңа тәсіл жетістіктерге жеткізбек
Білім берудің жаңа жүйесі жасалып, мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңартылуы, оқыту үрдісінің ақпараттандырылуы бәрі де болашақтың бәсекелестікке қабілетті, шығармашылық бағытта көп ізденетін, жан-жақтылығымен ерекшеленетін азаматтарын тәрбиелеудің қамы. Ертеңгі ел болашағының тұтқасын ұстайтын да солар. Бұл тұрғыда ұстазға жүктелер міндет көп. Ол оқыту үдерісінің әрбір сәті оқушыны кемелдендіре түсуге қызмет ететінін жадынан шығармауға тиіс. Жеке, топтық, ұжымдық жұмыстардың оқу мазмұны мен мақсатына сәйкес үйлесімді түрде жүргізілуі қажеттігі осыдан туындайды. Білім берудің кембридждік тәсілдерінің теориясы осы қағидатқа негізделген. Яғни мұндағы оқушының өзі – ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім – бағыт беруші, нұсқаушы. Бұл тәсілдің басқа оқыту технологияларынан ерекшелігі – жеті ереже-модуль арқылы жүзеге асатындығы. Оқушылар сыни тұрғыдан ойлауға үйретіледі әрі мұғаліммен тіл табыса, ынталылықпен бірлесе жұмыс істеу машығын да меңгереді. Тиісінше бағыт-бағдар берілуі арқылы оқушының өз бетінше оқып, білім жинауы мейлінше жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуға бастайды. Бұл ретте ұстаз білімді маман даярлауды ғана емес, жеке тұлғадан «адам жасау» міндетін де қоса атқарады. Жаңа оқыту технологияларында оқытуға ынталандыру, оқуды бағалау, жас ерекшеліктеріне сәйкес, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқытудағы басқару мен көшбасшылық ету қағидаттары да қарастырылған. Мектебімізде осындай біліктілік талаптарын деңгейлік курстарда оқып меңгерген он төрт ұстаз бар. Оның жоғары сатысында тоғыз айлық басшылық курстан өткен мектеп директоры Гүлнар Мұратбекқызы Раптаеваның өзі тұр. Ол өзінің білім-білігін бізбен де бөлісіп, жаңа технологияның қыр-сырын меңгеруімізге үлкен септігін тигізуде. Осылайша басшымыздың алған білімін саралай санамызға құюының нәтижесінде оқыту бағдарламасының түпкі идеясын толықтай меңгердік. Алдағы уақытта оқушының өзін-өзі дамытып, жетілтуіне, біліміндегі әлсіз тұстарын өзі тауып, түзетуіне, диалог жүргізу арқылы жан-жақты білім алуына көмектесетін аталған жеті модуль бойынша оқыту үдерісін қолдану арқылы жақсы нәтижелерге жететінімізге сеніміміз мол.
Құралбек ОҢҒАРБАЕВ, №43 мектептің мұғалімі.
Тараз қаласы.