Саясат

Ағалық қолқа саламын

Ағалық қолқа саламын

29Әкім ТАРАЗИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Ел тарихында ел сыналар кезеңдер де болады, ер сыналар кезеңдер де болады. Қазіргі кезең – сондай кезең. Дүние аумалы-төкпелі болып тұр. Замана желі біресе ана жақтан ұйытқиды, біресе мына жақтан ұйытқиды. Бәрінен қымтану мүмкін емес. Бір елдің ішінде бүлік шықса «бас жарылса бөрік ішінде» қалатын кез келмеске кеткен. Ол елге әр қиырдан әсер еткісі келетіндер табылып, бара-бара солар бір-бірімен айтысып-тартысып жататын болғанына бүкіл әлемнің көзі үйреніп барады. Сондай-сондай сойқандардың салдары экономикасы әлемдік экономикаға әбден кіріккен Қазақстанның жағдайына да әсер етуде. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұл бағыттағы қиыншылықтар алдағы кезде асқына түспесе азаймайтын сыңайлы. Мұндайда не істеу керек? Етек-жеңімізді жинап, бойымызды билеп, ойымызды жүйелеп, бүгін қалай жүреміз, ертең қай жаққа қадам басамыз дегенді ерте бастан екшеп алуымыз керек. Нұрсұлтан Назарбаев солай етті. Талай жыл бойы халықтың қамы үшін жинақталған Ұлттық қордың қаржысын қиын кезде экономиканың, әлеуметтік саланың мұқтажына нақтылап бөлді. «Нұрлы Жол» аталған жаңа экономикалық саясатты айқындады. Мәңгілік Ел болудың жолдарын белгіледі. Осындай тұста Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды бірегей құрылымның дер кезінде көтерген бастамасы көп көңілінен шықты. Мен өте қуаныштымын. Тар кезеңде тамаша ұсыныс жасалғанына, оны барша жұрттың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың іліп алып, қолдап кеткеніне, мұның бәрі Ата Заңның талаптары аясында жасалып жатқанына қуаныштымын. Елдігімізге сын болатындай сәтте бәріміздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білгенімізге қуаныштымын. Елбасының ел тілегіне құлақ асып, Жарлыққа қол қойғанына, сөйтіп кезектен тыс президенттік сайлау өткізілетін күнді белгілегеніне бек ризамын. Себебі? Себебі сол, бізге саясаттағы сабақтастық керек, бізге тұрақтылық керек, бізге татулық керек. Оның бәрі таңы арайлап ататын, кеші тыныш бататын, халқы бір-біріне жақсылық тілеп жататын елде болады. Қазақстан – сондай ел. Мың тәубе! Бодан күннен кеткенімізге, бостан күнге жеткенімізге, елімізді дәулеті мықты, саясаты тұрақты, алыс та, жақын да сыйлайтын ел еткенімізге тәубе! Құдайға шүкір, бәрі рет-ретімен келіп жатыр. Елулікке енеміз дедік пе? Дедік. Ендік пе? Ендік. Ойлаған уақытымыздан да бұрын ендік. Отыздықтан орын алатын күніміз де келеді әлі. Ол үшін не істеуіміз керек? Еңбек керек. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға шақырып отырған Ердің төңірегіне топтасуымыз керек. Сондай сәт келді, ағайын. Мен жасым сексеннің сеңгірінен асқанша талайды көрдім. Әлемнің де талай жерін араладым. Қызметкерлігім де, қайраткерлігім де талай адаммен араластырып-құраластырды. Сондағы бір түйгенім – Нұрсұлтан Назарбаевтай адамның сирек жаратылатындығы. Екі қоғамның от пен судай шарпысқан шағында шыңдалып шыққан, құрыш құя жүріп өзі де құрыштай құйылған, ойға зерек, сөзге шешен, мінезге бай, қай мінберден де мемлекетіңнің мерейін асырып, абыройын тасытып жарқылдайтын мұндай жарқын тұлға – халқымыздың басына қонған бақ. Басымыздағы бақты бағалайтын халық екенімізді дәлелдеумен келеміз. Алда да дәлелдей береміз. Сондықтан, ел бірлігін ойлағанда, ел тірлігін ойлағанда, елдің ірілігін ойлағанда мен өз басым ағалық жолыммен мынадай қолқа салғым келеді. Нұрсұлтан бауырым! Сайлауға түс. Елді басқару жауапкершілігін тағы да өз иығыңа жүкте. Өзің құрған мемлекетіңді мына қиын өткелден өзің өткіз. Көздеген межелеріңе өзің жеткіз. Бір сөзіңде Әбубәкір Кердері бабамыздың «Жігітке ерлік те оңай, елдік те оңай, әгәрәки қабырғалы болса халқы» деп айтқанын келтіріп едің ғой. Қабырғалы халқың саған тағы да азаматтың ауыр жүгін артқысы келеді. Халқыңа сен. Халқың саған сенеді. Алға тарт, Азаматым!

Астана қаласы.