Ертеңге деген сенім Елбасымызбен байланысты
Ертеңге деген сенім Елбасымызбен байланысты
Майра Әлімбетова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.
Тарих парақтарынан белгілі, Қазақ елі түрлі жағдайды бастан кешірді. Құлап барып сан рет қайта түрегелді, адасып, таласып жүріп жоғалып кетуге де шақ қалды. Сүрінді де, жығылды да, бірақ еңсесін түсіріп, намысын басқаның табанында қалдырмады. Соның барлығында қазақты құтқарған бір-ақ нәрсе болды десек, ол – бірлік. Жұмылғанда жұдырақтай болып, бір байламға келетін еліміз сан нәубетті де, сан тағдыр талайын да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, барлық қиындықты артқа тастады. Шүкір, қазір тәуелсіз ел атанып, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей жүр. Діттеген мақсаттарымыз да рет-ретімін орындалып, алдымыздағы асуларымыз да біртіндеп алынып келеді. Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің үлесі зор екені жасырын емес. Алайда, қазір елдің де, ел үшін ерлердің де сыналатын сәті туып отыр. Әлем елдерін қыспаққа алып отырған қаржылық дағдарыс, біздің елімізге де өз қиындықтарын туғызбай қоймайды. Қазір қарап отырсақ, дамыған алпауыт мемлекеттердің өзі сансырып, екі ұшты күйге түсіп отыр. Демек, бұл ретте бізге әбден сақ болып, байырғы бірлік атты арнамызбен жүруіміз тағы да қажет болып отыр. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауымен елімізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу сондай сындарлы шаққа деген алға басар алғашқы қадамымыз болмақ. Осыны жете түсінген көреген көшбасшымыз ел тілегіне құлақ асып, Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуімен келісіп, кезектен тыс Президент сайлауын 26 сәуірге нақтылағаны көптің көңілінен шығып отыр. Ендігі кезекте ел сенімі тағы да Елбасымызға артылатыны белгілі. Сондықтан біз Елбасымыздың алдағы сайлауға өз кандидатурасын ұсынғанын бірауыздан құптап, күтеміз. Өйткені, мынадай сапырылысқан тұста елдің жүгін ердің ері ғана көтере алатыны, көтеріп қана қоймай өткелден аман-есен өткізетіні мәлім. Демек, ертеңге деген сенімімізді Елбасымызбен ғана байланыстыра аламыз.