Саясат

Ардагерлер айрықша қолдайды

Ардагерлер айрықша қолдайды

21Алдаберді Мақашев, еңбек ардагері, облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңес мүшелерінің Қазақстан халқына арнаған үндеуінде экономикалық дағдарыс және күрделі халықаралық жағдай қалыптасып отырған қазіргі кезеңде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жаңа президенттік мандат беру туралы мәселе көтергені туралы хабарды бүкіл қазақстандықтар, оның ішінде ардагерлер қауымы да қуана қарсы алды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі ұсынысқа байланысты мәлімдемесі жарияланды. Онда осындай сәтте уақыт оздырмай кезекті сайлау өткізу керектігінің маңыздылығын айта келіп, еліміздің барлық азаматтарын, қоғамдық ұйымдарды осы ұсынысты қолдауға шақырған болатын. Бұл тұрғыда жамбылдық ардагерлер де осы ұсынысты шын жүректен қолдайтындықтарын білдірді. Міне, көп тілегін ескерген Елбасы тағы да даналық танытып, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Біз ендігі кезекте осынау сайлауға елімізді биік белеске бастаған Елбасымыздың түскенін қалап отырмыз. Бүгінде мемлекет тарапынан ардагерлерге барлық жағдай жасалуда. Ең қуаныштысы, ардагерлердің Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Тараз қаласында «Ардагерлер үйін» тарту еткен облыс әкімі К.Көкірекбаев пен қала әкімі Н.Календеровке деген алғысы шексіз. Бұл мекен-жайда жұмыс атқаруға барлық жағдай жасалынған. Сонымен қатар, ардагерлердің бір мезгіл бас қосып, өзара сұхбаттасып, пікірлесіп отыруларына да мүмкіндіктер қарастырылған. Бізде Елбасы біреу, сондықтан да біз Мемлекет басшысына қай уақытта болмасын сүйеу бола білуіміз керек.