Саясат

Көктемнің алғашқы күні

Көктемнің алғашқы күні

мерекелік леп әкелді

20Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына – 16 жыл. Осы уақыт аралығында қалыптасып, қанатын қатайтқан іргелі саяси құрылым мүшелері өткен жексенбіде партияның құрылған күнін мерекелік шарамен атап өтті. Соның бірі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында болып, оған филиал қызметкерлері, Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, «Партияның 50 тұлғасы» жобасының қатысушылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Мерекелік шара, ә дегеннен көтеріңкі көңіл-күймен басталды. Облыстық филармонияның өнерпаздары сезім қылын шертетін әсем әуендерімен жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Мұнан соң партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат сөз алып, баяндама жасады. Шәбден Тоқтасынұлы өзінің қалыптасуы мен даму жолында талай сыннан сүрінбей өтіп, зор жетістіктерге жеткен партияның бүгінде жалпыұлттық сенімге ие болып отырғанын айтты. «Партия құрылған уақыттан бері мемлекеттің, азаматтардың мүддесі үшін және ел бірлігін нығайту мақсатында жұмыс істейтінін нақты істермен дәлелдеді. Бүгінде партияның жаңа Саяси доктринасы Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан және уақыт сынынан өткен басты құндылықтарды нығайтуға бағытталып отыр», – деді Ш.Тілеумұрат өз сөзінде. Сонымен қатар шара барысында партияның облыстағы тарихына елеулі үлес қосқан партия ардагерлері Қаржаубай Бекболатов, Гүлжамал Нурлихина, Қасымхан Төлендиев, Гүлсін Орынбаева сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Осы орайда шараға қатыса алмаған партия ардагері Төлепбек Исаевтың да айтулы еңбегі туралы аталып өтті. Сөз сөйлегендер партия филиалдарының бастапқыда мекемелердің аядай тар бөлмелерінде жұмыс істегенін, кейін келе өз алдына бөлек еңселі ғимараттармен қамтылғанын айта келе осының өзі «Нұр Отанның» өрлеу үстінде екенін көрсететінін тілге тиек етті. Келесі кезекте «Асар» облыстық мүгедектер ұйымының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Руслан Төлегенов партияның «Кедергісіз келешек» жобасының шарапаты туралы әңгімеледі. «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі, «Кеңес беру орталығының» жетекшісі Саин Құрбан партия Доктринасындағы құндылықтар мен оны жүзеге асыруға қатысты өз пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, мерекелік шарада «Нұр Отан» партиясына мүше болғысы келетін азаматтар партия қатарына салтанатты түрде қабылданып, оларға жаңа үлгідегі партия билеттері тапсырылды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.