Әлеумет

Тасқын мен селден абай болайық

Тасқын мен селден абай болайық

комиссия отырысы осы мәселені талқылады

Көктемде дала жұмыстарының жандануымен қатар, бірқатар қауіп-қатердің де күшейе түсетіні анық. Атап айтқанда, су тасқыны мен сел қаупінің күшейіп, тоғандар мен бөгеттердің ахуалы сыналатын шақ. Облыс көлемінде аталған мәселенің туындамауы және кедергілерді болдырмау үшін алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады.

Өткен сенбіде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалық етуімен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда екі мәселе қаралды. Алғашқысы, көктемгі маусымға су тасқыны мен сел қауіпті негізінде және гидротехникалық құрылғылар, арық-дренаж жүйесінің дайындығы туралы болды. Аталған мәселе бойынша облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы С.Қойбақов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы О.Тәкеев және Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Ж.Мақатов хабарлама жасады. Нақтылы кезеңде облыс бойынша 117 су қоймасы мен бөгет бар. Олардың бесеуі республикалық меншіктегі, жетеуі жекеменшікте және қалған 105-і коммуналдық меншікте екен. Ақпан айында жүргізілген тексерулер негізінде олардың 19-ы қауіпті деп танылған. Олардың бесеуі республикалық меншіктегі Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ», Қордай ауданындағы «Қақпатас» және «Қарақоңыз», Шу ауданындағы «Тасөткел» және Сарысудағы «Ынталы» су қоймалары. Олардың зерделеу барысында жағдайы қанағаттанарлық деген баға беріліп отыр. Сондай-ақ, Меркі ауданының Кеңес ауылының аймағында орналасқан су қоймасының дамбасы нығайту жұмыстарын қажет етеді. Ал жекеменшіктегі жеті су қоймасының төртеуі жөндеуді қажет етеді. Осы секілді көптеген қажеттіліктердің туындауына байланысты облыс бойынша 11 су бөгеті мен қоймасын жөндеу үшін 23,8 миллион теңге қаржы қаралыпты. Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы О.Тәкеевтің берген мәліметі бойынша Талас ауданындағы «Шабақты», «Қарашат» және «Тамды» су қоймалары, Сарысу ауданындағы «Бүркітті», Шу ауданындағы «Алтай» және «Қайыңды», Т. Рысқұлов ауданындағы «Байтелі» және «Аққайнар», Меркідегі «Кеңес-4» және «Көлтоған» су қоймаларының гидротехникалық құрылғылары мен техникалық жағдайы қанағаттанарлық жағдайда емес. Хабарламашылар мен бірқатар аудан әкімдерінің аталған мәселе бойынша әңгімесін тыңдаған облыс әкімі арнайы тапсырмалар берді. Тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне өздеріне тиісті мекемелерде тексеру жұмыстарын жүргізіп, туындауы мүмкін мәселенің алдын алуды тапсырды. Облыста және республикада орын алған кейбір төтенше жағдайлардан мысал келтіріп, қандай жағдайда да арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертті. Сонымен қатар, облыстағы апатты жағдайда тұрған су қоймаларын атап, ондағы сақтық шараларын күшейту керектігі айтылды. Сонымен қатар, барлық тиісті мекеме басшыларына қандай да бір мәселе туындаған жағдайда қатысы бар-жоқтығына қарамастан, барлығынан бірдей жауап алынатындығы және жазаға тартылатындығы ескертілді. Келесі мәселе төтенше жағдай туындаған жағдайда облыс тұрғындарын құлақтандыру жүйесінің дайындығы туралы болды. Бұл мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Б.Данилов хабарлады.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».