Саясат

Тайқазан Жамбыл жеріне келді

Тайқазан Жамбыл жеріне келді

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген көктемнің алғашқы күнінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 ізгі іс» эстафетасының символы Тайқазанды алматылықтар жамбылдықтарға табыстады. Алматы қаласындағы «Достық үйінде» өткен салтанатты рәсімге құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Лариса Лысова, «Дніпро» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Василий Мазур және тілшілер бар облыстық делегацияны облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке бастап барды.

Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойған ғимарат іші қонақтарға лық толды. Қаладағы 34 этномәдени бірлестік жетекшілері мен өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары, ҰОС ардагерлері, жастар жиналған рәсімді Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Санжар Бокаев сөз сөйлеп ашты: – Қазақстан халқы Ассамблеясы ең алдымен 1995 жылы Алматы қаласында Елбасының бастамасымен құрылған болатын. Содан бері міне, 20 жыл өтті. Осы аралықта Ассамблея өзінің өміршеңдігін көрсетіп, ынтымақтың ұйытқысына айналды. Ұлттарды ұйыстыра түсетін «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 ізгі іс» эстафетасын біз 27 ақпан күні шығысқазақстандықтардан қабылдап алған болатынбыз. Осы аралықта қалада балалар ауласын жөндеу, соғу, қарттарға, мұқтаж жандарға қолұшын созу секілді бірқатар ізгілікті істерді атқардық. Мұндай істер мұнымен тоқтап қалмайды, – деді де, атқарылған істер тізімі жазылған ізгі іс орамын Тайқазанға салып, эстафета символын жамбылдық делегацияға табыстады. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке: – Біз дәл бүгін, даталы күні ырыс, берекенің нышаны Тайқазанды қабылдағанымызға өте қуаныштымыз. Эстафета аясында ҰОС ардагерлеріне, мүгедек жандарға, көп балалы отбасыларға ғана емес, қиындыққа тап болған кез-келген жанға көмек көрсетуге тырысамыз. Бұл біздің елдігімізді нығайта түседі деп сенемін, – деді. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі болса, соның 120-ға жуық өкілі мекен еткен Алматы қаласындағы іс-шара аясында өзге ұлт өкілдерінің қолөнер, сурет көрмелері ұйымдастырылып, ҰОС ардагерлеріне сыйлықтар үлестірілді. Ассамблея құрдастарына бірлестік төрағалары символикалық ленталар тақты. Ұлт өкілдері ұлттық әндері мен билерін тарту етті. Осы күннің кешінде жамбылдық делегация Тайқазанды алдымен Қордай ауданына алып келді. 23-тен астам ұлт өкілі мекен ететін қордайлықтар эстафета символын Қордай ауданының орталығындағы орталық алаңда театрландырылған көрініспен, ән мен бимен, көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алды. Салтанатты шарада аудан әкімі Қайрат Досаев биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған Ассамблея достықтың жарқын үлгісі екендігін, бүгінде оны әлем халқы мойындап отырғанын жеткізді. Қоғамдық келісімді, татулықты нығайту қазіргі заманның басты талабы екенін айтып өтті. Сол себепті бүгінде ауданда қоғамдық келісім кеңесі жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Мұнан соң көп балалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерін тақты, сыйлықтар ұсынды. Ізгі істер жазылған орамды Тайқазанға салды. Келесі кезекте сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова: «Біз үшін түріміздің түсі, тіліміздің алуандығы маңызды емес. Маңыздысы – біз тілектес, ниеттес, ынтымақтас болғанда ғана біздің Тәуелсіздігімізді, тұрақтылығымызды, береке-бірлігімізді ешкімнің де шайқалта алмайтындығын ұғынуымызда. Бұл эстафета қазақстандықтар бірлесе отырып түрлі игі істерді атқара білетіндігін әлемге паш етсе екен деймін. Мейрамдарыңызбен!» – деді. Бұдан кейін аудан әкімі хатшылық меңгерушісіне «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» аталатын фотоальбомды табыс етті. Ауданның Құрметті азаматтары, этномәдени бірлестік жетекшілері де сөз алып, концерттік бағдарламаға ұласқан шара көзбайланар уақытқа дейін жалғасып жатты. Ал Тайқазан Мойынқұм ауданына қарай жол тартты.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол» газетінің  тілшісі – Алматы және Қордайдан.

Тараз–Алматы–Қордай.

Суретті түсірген Ирина КИСЛОВА.