Әлеумет

БУКМЕКЕРЛІК КЕҢСЕНІҢ «ҚЫЗЫҒЫ»

БУКМЕКЕРЛІК КЕҢСЕНІҢ «ҚЫЗЫҒЫ»

жастардың санасын улап жатыр

Бүгінгі алмағайып заманда жастарға жүктелетін міндеттер көп. Өйткені, болашақтың іргетасын қалайтын – жалындаған жастардың өзі. Сол жастарға бағыт-бағдар беретін алдыңғы буынғы ағаларымыз екені анық. Алайда, қазіргі аға деп жүргендердің кейбір әрекеттері жастарды теріс жолға қарай бағыттап жүрген сияқты. Неге дейсіздер ғой? Себебі, бүгінде қала көшелерінің «қызған» нүктелерінде құмарлыққа бастайтын компьютерлік клубтар, букмекерлік кеңселер қаптап кетті. Ал олардың қожайындары жастар емесі анық. Әсіресе, букмекерлік кеңселерде жастар шықпайтын болған. Бас көтермей бәссауданың көркін қыздырып әлек. Есесіне, алтын уақыттарынан айырылып жатады. Бір сөзбен айтқанда, студенттер сабақты ысырып қойып, ата-анасының бейнетімен тапқан ақшаларын керексіз жерге құртып, рахаттанып өмір сүруде.

Реті келіп тұрғанда, бір мысал келтіре кетейін. Сырттай танитын бір жігіттің басынан өткен жағдай көпшілікке ой салар деген үмітіміз бар. Ол жігіт ауылдан-ақ шыққан, үлкен отбасыдан үлгілі тәрбие алып, мектепті жақсы оқып бітірген еді. Болашағынан үміттенген ата-анасы оны қатарынан қалмасын деп, қаладағы беделді оқу орындарының біріне оқуға түсірді. Ондағы оқуын да жақсы оқып жүрді. Тіпті, кей күндері қосымша жұмыс істеп, тапқанын күнделікті қажетіне жарататын. Онысы ата-анасына салмақ салғысы келмегені болар. Бір ойы – оқу ақысын өзім төлеймін дейтін. Дегенмен, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмады ма, әлде жұмыс істеп шаршады ма, бір күні сол танысымыз достарымен бірге букмекерлік кеңсеге жиі бас сұғатын «дертке» шалдықты. Алғашында аздап ақша ұтыпты, содан оңай олжаға дәніккен жігіт күніге кеңседен шықпайтын болды. Ата-анасы оқуына деп салған ақшаның бәрін шетінен ойындарға тігіп, сабақты мүлдем ұмытты. Кей кездері сол ойынханада қонып қалатынды шығарды. Бәріміз мұндай тірлігін көріп, қойдыруға тырысып көрдік, ол бізді тыңдағысы келмеді. Ал әке-шешесі бұл жағдайдан мүлдем бейхабар. Осылай жүргенде ол емтихандарын да уақтылы тапсырмай, жазғы семестрге қалды. Жыл соңында ата-анасы таныстарына қарызданып, балаларының оқуының ақшасын салып жіберген. Алайда, ол сол ақшаның жартысын тағы да букмекерлік «бизнесіне» салып жіберді. Ақыр соңында ол университеттен мүлдем шығарылды. Одан кейін ауылына кеткен. Қазір қайда жүргені белгісіз. Әрине, бала үшін барын беруге дайын әкесі мен анасы далада қалдырмас. Бірақ, қателігін түсінді ме екен сол замандасымыз?.. Букмекерлік кеңсе «қызығының» әлі талай жасты тура жолдан адастырары анық. Ата-ананың маңдай терімен келген ақшасы, баласының құмарлыққа былғанған қолымен далаға кетіп жатыр. Күрсінгеннен қайран болмай тұр...

Айтолқын ӘЗІРЕТОВА, ТарМУ-дың студенті.