Шонаның шәкірттері сынға түсті
Шонаның шәкірттері сынға түсті
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Университет тынысы» газетінің ұйымдастыруымен белгілі сатирик Шона Смаханұлының 90 жылдығына арналған сатира байқауы өтті. Университет ректоры Махметғали Сарыбеков қолдау көрсеткен байқауға жиырмаға жуық жұмыстар қабылданды.
– Университеттің барлық мамандық студенттерін қамтыған шығармашылық байқау арқылы дарынды жас жазушы, ақындарды анықтап, олардың еңбектерін газетте жариялап отырсақ деген ойдамыз. Сондай-ақ, біздің газет білім ордасының тыныс-тіршілігін толығымен қамтып, университет ұжымын дер кезінде маңызды ақпараттармен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар редакция оқу ордамыздың «Журналистика» мамандығының студенттерін тәжірибеден өткізіп, жас мамандардың қанатын қатайтуға атсалысып келеді, – дейді, «Университет тынысы» газетінің редакторы Ғалия Боранбаева.
Байқауға елімізге белгілі жазушы, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Болат Жаппарұлы, «Қазақ» радиосының облыстағы меншікті тілшісі Бақытжан Советұлы төрелік етті. Қазылар алқасының төрағасы Көсемәлі Сәттібайұлы сатира жанрында көпшіліктің қалам тарта бермейтіндігін ескеріп: «Бір ғана университеттен жиырмаға жуық сатира жанрындағы материалдың келіп түсуі – үлкен жетістік. Осы қатысушылардың арасынан үш үздік сатирик шықса, нұр үстіне нұр болмақ. Себебі, Қазақстан бойынша сатириктердің саны саусағымыздың санына жетпейді», – деді.. Байқау нәтижесінде «Жетісіппіз» тақырыбындағы шығарманың авторы «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультеті «Журналистика» мамандығының 3-курс студенті Асылзат Жұмабай бас жүлдені жеңіп алса, жүлделі І орынды «Журналистика» мамандығының 3-курс студенті Самат Тоқбанов «Бағалы В+» атты сатирасымен қанжығасына байлады. Сондай-ақ, ІІ орыннан осы мамандықтың 4-курс студенті Айбек Қадралиев «Қиялдағы қазақтар» шығармасымен және «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының аға оқытушысы Мадина Үсіпбаева «Әлеуметтік желідегі жастар» атты сатираларымен көрінді. ІІІ орынға «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 1-курс студенттері Нұрғиса Зұлпықаров, Елдар Боранбек, «Химия және химиялық технология» кафедрасының оқытушысы Сая Мамешова лайық деп табылды. Одан басқа төрт үміткер ынталандыру сыйлығын иеленді. Жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».