Спорт және туризм

Жүйкеге ши жүгірткен кездесу

Жүйкеге ши жүгірткен кездесу

«Арландар» Италия боксшыларын 3:2 есебімен жеңді

Бүкіләлемдік бокс сериясының жеті кезеңінде де жеңісті жорықтарын жалғастырған «Астана арландары» командасы «Italia thunder» командасынан 3:2 есебімен басым түсті. Бұл жолы бапкерлер құрамы бірыңғай қазақстандық боксшыларға сенім артты. «В» тобының көшбасшысы саналатын қазақстандық команданың намысын 49 келі салмақ дәрежесінде ел чемпионы Теміртас Жүсіпов қорғады. Ол ирландиялық Патрик Барнспен қолғап түйістірді. Бес раунд бойы тең дәрежеде өрбіген кездесуді төрешілер Барнстың пайдасына шешті. Жүсіпов жаман бокстасқан жоқ. Аяққа жақсы ойнады. Соққылары да дөп тиіп жатты. Дегенмен, төрешілер Барнстың белсенділігін бағалаған сияқты. Бұдан соң 56 келіде «арландар» сапында ұлттық құраманың нөмірі бірінші боксшысы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиев дебютті кездесуін өткізді. Оның қарсыласы қатардағы боксшы емес. Ирландиялық Майкл Джон Конлан – Лондон Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізген жігіт. Мамандар күткендей, кездесу тартысты өтті. Қайрат қарсыласынан барлық компонент бойынша басым түсті. Соққыларын дөп тигізе білді. Бесінші раундта Ералиевтің қабағы жарылып, кездесу тоқтатылды. Төрешілер соңғы кезеңге дейінгі ұпайларды санап шығып, жеңісті қазақстандық боксшының еншісіне жазды. 64 келідегі «арлан» Асхат Уәлиханов олимпиада ойындарында ұлттық құраманың капитаны, сол кезде 64 келіде өнер көрсеткен Данияр Елеусіновтің жолын кескен Винченцо Мангиакапреге есе жіберіп алды. Ал 75 келідегі оғланымыз Мейірім Нұрсұлтанов Рафаэль Мунноға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Мейірім өзінің ұзын қолдарын ұтымды пайдаланып, соққыларын дөп тигізе білді. Төрешілер бірауыздан жеңісті біздің жігітке ұстатты. Есеп теңесті. Жүйкеге ши жүгіре бастаған кезде 91 келідегі алыбымыз Василий Левит тағы да құтқарушының рөлін жақсы алып шықты. Эндри Спахиу Левиттен қаймыққаны соншалық, біресе қолын, біресе аяғын құшақтап масқарасы шықты. Үш мәрте тіс қорғағышын лақтырып жіберген Спахиуға ескерту жасап шаршаған төреші кездесуді тоқтатып, техникалық жеңіліс тіркеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».