Саясат

Таңдауымызды дұрыс жасайық, ағайын!

Таңдауымызды дұрыс жасайық, ағайын!

25Әбдімомын Желдібаев, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Той жылы болады делінген қой жылы саяси науқандармен де есте қалатын сыңайлы. Жайшылықта санадан қалтарыс қалғанымен, Президент сайлауы дегеніміз, тұтастай елдің рухын көтеріп, халықтың еңсесін тіктейді. Өйткені, жұртшылық өзінің көшбасшысы кім екенін ойлайды, түсінеді, ұғынады. «Басшысыз ел жетім» деген аталы сөздің айналасына топтасады. Шыны керек, жас шыбықтай кезінде еркіндік алған тәуелсіз еліміз алып бәйтерекке айналды. Оның бәрі еліміздегі тұрақтылық пен дамудың, Мемлекет басшысының мығым ойлай білетінінің арқасы. Өмірде бір адам бір әулетті басқара алмай отырған жағдай да ұшырасады. Ал әулет пен мемлекетті теңестіруге бола ма? Әлбетте, болмайды. Президентіміз осы бір ұлан-ғайыр жері бар үлкен мемлекетті асқан бір кемеңгерлікпен басқарып келеді. Қазіргі кезде әлем елдері Қазақстан десе бірінші кезекте Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін атайды. Ол кісі шын мәнінде әлем мойындаған ірі тұлға. Алпауыт елдердің басшылары біздің Елбасымызбен талай мәрте кеңесіп, ортақ шешім қабылдады. Олар біздің Президентімізді мықты саясаткер ретінде үлгі де тұтады. 26 сәуір – Алаш жұрты өзінің көшбасшысын таңдайтын күн. Дәл осы күні ұлттық сана, рух оянады. Жайшылықта көзге көріне бермейтін сезімнің нәзік иірімдері, элементтері осы күні дербес кеңістікке шығады. Өйткені, әрбір азамат өз қалауын, таңдауын жасайды. Ол таңдау, меніңше, елімізде бірлік пен татулықтың, тұрақты экономикалық, мәдени, рухани дамудың таңдауы секілді. Қазақ қашанда сабырлы, салиқалы халық. Өз басшысын, азаматын сыйлайтын, елін төрге сүйреген тұлғаларын да осы қазақ өзгелерден өзгеше құрметтейді, мақтан тұтады. Сол қазақ: «Өткелде ат ауыстыруға болмайды» дегенді де жиі айтады. Менің көзқарасымда егер Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға өз кандидатурасын ұсынатын болса, тұтас халық ол кісіні қолдауы керек. Өйткені, Назарбаев қазақ елін әлемге танытты. Әлем бізді әрмен қарай да танып, қарқынды дамыған ел ретінде мойындаған үстіне мойындай түссін десек, таңдаудан қателеспеуіміз қажет. Елбасының Отанымызды әлемдегі өркениетті отыз елдің қатарына жеткізу үшін халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанын айрықша бағалаймын. Үлкенге де, кішіге де жасалып жатқан қамқорлығы мен жақсылығына дән ризамын. Сындарлы саясатын қызу қолдаймын. Осының бәрін шынайы көңілмен айта келіп, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер болып тіркелуін өнерлі қауым өкілдері атынан сұранамын. Шу ауданы.