Саясат

Келешекке деген сенім тірегі

Келешекке деген сенім тірегі

17Асқар Базилов, облыстық мәслихаттың депутаты.

«Аман елдің аты шығар» дейтін аталы сөздің мән-мағынасын түсіну тереңнен талдап жатуды қажет етпегенмен, аса құнды нақыл бұл. Тарихтың қатпарларында қалғанмен, жер бетінен аты өшкен қаншама мемлекеттер, мекенсіз ұлттар мен ұлыстар бар. Байтақ даласының біртұтастығын бұзбай, уақыттың сан түрлі сынағынан сүрінбей өте білу елдің ерлігін айқындайды емес пе?! Қазақтың осы заманға аман жетіп, күллі әлемге аты шығып жатқандығы ұлт үшін үлкен олжа. Осы қалыптан таймаудың маңыздылығы бүгінгі жаһандық проблемалар туындаған кезеңде күшейе түсті. Дағдарыс пен әлемдік геосаяси қарама-қайшылықтар белең алған уақытта қазақстандықтарға керегі тек қана тыныштық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жуырдағы Қазақстан халқына Үндеуінде қазіргі жағдайда біздің азаматтарымыз үшін ненің аса маңызды екендігін тарқатып айтты. Яғни, біріншіден, ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдардың салқынынан сақтану үшін қоғам бірлігін нығайту қажет екендігі, екіншіден, әлемдегі экономикалық ахуал «қыл үстінде тұрғанда» ертеңгі күніне сеніммен қарай алу үшін адамдарды жұмыс орындарымен қамтып, әлеуметтік төлемдердің жалақының, стипендиялардың тұрақтылығын сақтау, үшіншіден, ұлттық қауіпсіздік үшін қазақстандықтарға ішкі және сыртқы саясаттың әрі қарай жалғастырылғаны маңызды екендігі ақиқат. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні» сияқты, аталмыш мәселелерді оңтайландыру жолында күш біріктіріп барып, үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. Ал оған дейін елдегі реттелуі тиіс құрылымдық жұмыстар кезек күтіп тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясы бастап, халықтың қолдауымен 2015 жылдың 26 сәуірінде сайлау өтетіндігі туралы Жарлыққа қол қойылды. Қай қырынан алсақ та, бұл тиімді шешім екені даусыз. Есігімізді қағып тұрған дағдарысқа тас түйін боп төтеп беру үшін төрт құбыламыз түгелденіп, ішкі тиянақсыздыққа жол берілмеуі тиіс. Бұл сайлау бізге айқын бағыт-бағдар мен келер күнге сенімділік сыйламақ. Жарқын болашақ жолында құрылған жоспарлар сонда ғана жүзеге асатыны сөзсіз.

Шу ауданы.