Саясат

Сенімді серпіліске жетелейді

Сенімді серпіліске жетелейді

16Болысбек Пірәлі, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры.

Бұл өзі дер кезінде көтерілген бастама. Қазақстан халқы Ассамблеясының Үндеуінен кейін қазақстандықтардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осынау уақыт талабынан туындап отырған ұсынысқа бірауыздан үн қосуы – соның айғағы. Әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар ел халқын жұмылған жұдырықтай біріктіре түскен секілді. Әркім өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, еліміздің келешегіне бей-жай қарамайтындықтарын танытуда. Қуантарлық жағдай. Тәуелсіздік жылдарында халқымыз ауызбіршілігінің арқасында көптеген қиындықтарды жеңе білді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау, екі мыңыншы жылдарда әлемді шарпыған қаржы дағдарысы кезінде де Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мықты стратегиялық жоспар жасап, экономикамызды өрге сүйреді. Бүгінде уақыт жаңа сын-қатерлерді алға тартуда. Бірақ, біз бұл қиындықтарға да дайынбыз. Елбасы нақ осы кезеңге арналған «Нұрлы жол» атты бағдарламасын ұсынып отыр. Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың, жалпы дамудың басым бағыттарын айқындап берді. Оларды жүзеге асырудың жолдары да осы бағдарламада нақтыланған. Президенттік сайлауды 2015 жылы мерзімінен бұрын өткізудің қажеттілігі де осында. Біз Елбасының ұзақ мерзімді сарабдал саясатын толық жүзеге асыруына мүмкіндік бергіміз келеді. Елдегі тыныштықтың, экономикамыздағы тұрақтылықтың сақталғанын қалаймыз. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын өте орынды деп санаймын. «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде бұл бастаманы толық қолдаймын. Әлемдік қаржы дағдарысы ел экономикасына салқынын тигізе алмайды. Себебі, мемлекетіміздің оған қарсы жоспары бар. Дегенмен, осындай күрделі кезеңде біз қандайда бір қиындықтардың алдын алуға тиістіміз. Елдік мүдде туралы сөз болғанда шұғыл шешім қабылданғаны дұрыс. Бұл – еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүниежүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін қажет.

Тараз қаласы.