Азаматтық борыштың үлкен үлгісі
Азаматтық борыштың үлкен үлгісі
Қордай ауданының Құрметті азаматы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын кезектен тыс өткізу туралы бастама көтеріп, қазақстандықтарға үндеу жариялағанын қуанышпен қабылдадық. Еліміздегі ұлтаралық келісімнің озық үлгісін көрсетіп отырған бірден бір қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының осы маңызды мәселе бойынша білдірген өз ұстанымын азаматтық борыштың үлкен үлгісі деп білемін. Еліміздің экономикадағы табыстары мен әлеуметтік саладағы жетістіктерінде Елбасымыздың дана да сара саясаты жатыр. Мұндағы ең басты базистердің бірі – ұлттар достығы мен қоғамдық келісім. Осы құндылықтың арқасында елімізде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстар Қазақстанды өздерінің ортақ Отаны ретінде көреді. Сондықтан, кезектен тыс Президенттік сайлау өткізуді жалпақ жұртқа жеткізіп, бастама көтерген Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесіне ризашылығымды айтқым келеді. Бүгінгі әлемді мазалап тұрған жаhандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлағанымыз өте орынды. Өйткені Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандат берілгені жөн. Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы елімізді қазіргі дағдарысқа ұрындырмайтын жарық жол ашып береді деп білеміз. Қазақстанда Президенттік сайлау өткізу бұған дейін белгіленген бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, ел экономикасының өсімін одан әрі қамтамасыз ететін болады. Мұның шетел инвестициялары үшін де үлкен кепілдік атқаратыны күмәнсіз. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің өңірлік ынтымақтастығына да оң ықпал етпек. Бүгінде ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі болып отырған Президенттік сайлау елдің болашағы бағытында жасаған таңдауын көрсеткелі отыр. Еліміздің әлемдік қоғамдастықта айтарлықтай жоғары бедел алып үлгергені баршаға мәлім. Оның үстіне, өзінің ерекше даму жолының дұрыстығын әркез айғақтап келеді. Бұл – бірінші кезекте, халықты жалпыұлттық идея төңірегінде топтастыра білген Елбасы еңбегінің нәтижесі. Біздің бәріміз ел болып бірігіп, алда тұрған бірінші кезектегі міндеттерді шешуге кірісуіміз керек. Бұл тек сайлауда біз таңдау жасап қана қоймай, халық пен ұлттың тағдыры шешілетін маңызды фактор бола аламыз. Сондықтан, Мемлекет басшысына сенім мандатын беру әлемнің саяси сахнасының ең бір күрделі кезеңінде жұдырықтай жұмылудың жалғыз жолы бола алатыны көкейге үмітті ұялатады. Қордай ауданы.