Эльмира Абдинова,
облыстық Шоқан Уәлиханов
атындағы әмбебап-ғылыми
кітапханасының директоры.
Алағай-бұлағай күндерді бастан өткерген қазақ елі сайын даласын қашанда көзінің қарашығындай қорыған. Найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаштаған сол құс қанаты талатын алып сахара бізге, бүгінгі ұрпаққа, аманат болып қалды. Тәуелсіздік – қазаққа Тәңір тарту еткен ұлы сый. Сол азаттық жылдарында алаш жұрты адымдап алға жылжыды, қарыштап дамыды. Алдымен экономиканың әлеуетін арттырып, халықтың тұрмысының нығаюына баса назар аударылды. Бұл тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі еді.
Қазақтың бағына біткен феномен тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің дамуы үшін шұғыл шешімдерді сәтімен қабылдай білді. Ішкі және сыртқы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, еліміздің бақытты да, баянды ғұмыр кешуіне ерекше көңіл бөлді. Соның арқасында біз бейбітшіліктің бесігінде тербеліп, арайлап атқан әр таңнан тек жақсылықтар күттік.
Иә, баянды тірліктің кілті – бірлікте. Таяуда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан елімізде мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс түсті. Ол пікір қалтарыс қалған жоқ. Елбасы кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысқа қатысты үндеу жариялап, кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді қолдады. 26 сәуірде енді еліміз өз Президентін сайлайды.
Дәуір доңғалағы адымдап алдыға жылжыған сайын сол зымыран уақыт елді де сынап тұратыны бар. Қазір жер аталатын ғаламшардың әр бөлігінде ғаламдық экономикалық үдерістер әрқилы жүріп жатыр. Бір елдер дағдарыс атаулы дауылдың шырмауына шатылса, енді бір елдердің бейбітшілігінің көбесі сетінеп, бірлігінің құты қашты. Ал бізде бәрі ойдағыдай. Жиырма жылдан астам уақыт бедерінде Қазақстанның әлем алдындағы беделін көтеруде Елбасымыз талай тірлікті тындырды. Сөз соңында айтарым, кезектен тыс сайлауға бәріміз бір кісідей қатысайық, өз көшбасшымызды қолдайық!