Саясат

біздің халқымыз бақытты

біздің халқымыз бақытты

Айтбала ЖОЛМАХАНОВА, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары.

Егемен еліміз тәуелсіздік жылдарында толайым табыстарға қол жеткізді. Шекарамыз шегенделіп, төл құндылықтарымыз төрге озды. Тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, дініміз қайта жаңғырды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түстік. Арқа төсінен айшықты Астананың бой көтеруі осы сөзіміздің бір ғана дәлелі. Аз жылда тотықұстай таранған сұлу да сәулетті қала салу кез-келген елдің қолынан келе бермейді. Оның үстіне, біз сияқты жас мемлекеттің осындай қадамға баруы кезінде әлем елдерін таңғалдырды. Міне, бүгінде сол Астана өсіп, өркендеудің өзегіне айналып отыр. Әрине, мұның бәрі де айтқанға оңай. Түптеп келгенде, еліміз бағындырған белестердің бәрі де Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасы егемен еліміздің тізгінін қолға алған кезеңде туған халқына ант беріп, батыл іске кірісті. Әрі сол сөзінде тұрды. Бүгінде Қазақстан атты тәуелсіз елімізді әлем таниды. Біз соған қуанамыз. Мақтанамыз. Баршаға белгілі, ақпан айының ортасында Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі биыл елімізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысты барша қауым қолдап әкетті. Шындығында, келер жылы қос сайлауды қатар өткізу қазына қаржысынан бөлек, елдің жұмыс ырғағына да әсер ететіндігі сөзсіз. Сондықтан да, екі сайлаудың бірін биыл өткізіп жіберу туралы идеяны мен де құп көрдім. Әрі бұл конституциялық нормаларға қайшы келмесе ұзақ ойланудың қажеті не? Оның үстіне, қазіргідей әлемді шарпып жатқан экономикалық дағдарыс қыспағы уақытты күтпейтіні тағы рас. Көңілде көлбеңдеген осындай ойлардың жауабын Елбасының өзі берді. Алысты болжай білетін кемеңгер басшы ғой, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдайтындығын білдіріп, халыққа үндеу жариялады. Сөйтіп, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Мен ұзақ жылдар бойы кітапхана саласында еңбек етіп келе жатырмын. Жұмыс барысында әртүрлі санаттағы оқырмандармен пікірлесіп, ой бөлісіп отырамын. Сонда байқағаным, Президент жүргізіп отырған саясатқа алғысын айтатындар көп. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Шынында да, елінің тағдырына орасан зор жауапкершілікпен қарап, берекелі бірлік пен жарасымды тірлікке ұйыстыра білген көшбасшысы бар біздің халқымыз бақытты.

Сарысу ауданы.