Саясат

Татулық темірқазығы

Татулық темірқазығы

Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығы әртүрлі салтанатты да мерейлі шаралармен атап өтілуде. Достық пен бірліктің көгершінін көкке самғатқан бұл мерекенің жыл бойы жарасымға толы жаршысы да мол болмақ. Ғаламға жылымық, адамға жылылық сыйлай келетін көктемнің алғашқы күні 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Содан бері көп ұлтты Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті дамуы жолындағы игілікті іске жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы ел татулығының темірқазығына айналып үлгерді. 

Осы тұрғыда кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының ұйымдастыруымен қалалық Мәдениет үйінде «Достық Шеңбері» байқауы өтті. Байқау Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты, азаматтық бірлікті қалыптастыру, келісімді нығайту, этнос өкілдерінің тарихи және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау, облыстағы этномәдени бірлестіктердің сазды және хореографиялық дәстүрлерін дамыту арқылы өнерлі ұжымдарды таныту мақсатына негізделді. Оған облыстық мекемелер мен ұйымдардан, этномәдени бірлестіктерден, этнографиялық ұжымдар және фольклорлық топтар мен хореографиялық ансамбльдердің өкілдері қатысса, қала тұрғындары мен қонақтары, мектеп оқушылары олардың өнерлерінің куәгері атануға асығып, ғимараттың концерт залын лық толтырып отырды. Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Лариса Лысова барлық жиналғандарды достық мерекесімен құттықтады. – Бұл игі шарамыз Қазақстандағы барлық ұлттар мен ұлыстардың татулығын танытып қана қоймай, өңіріміздегі өзге ұлттардың өнерлеріне деген құрмет пен ықыласымызды да көрсете түседі, – дей келе Лариса Лысова үміткерлерге сәттілік тіледі. Бұдан соң сахнаға қазақтың мың бұралған биші қыздары шығып, ұлттық «Қара жорға» биімен байқауды ашып берді. Осыдан кейін үміткерлер бірінен соң бірі өз өнерлерін ортаға салды. Халықтық вокал, хореография, аспаптық саз бойынша сынға түскен өнерпаздар өзбектің әсем, татардың секірмелі, корейдің керім, орыстың серпінді билерін орындап, көрермендердің қошеметіне ие болды. Он бір жеке орындаушы мен он ансамбльдық би топтарының шеберлігін назарға алған өңірімізге белгілі би мамандарынан құралған қазылар алқасы қатысушылардың сахнада өзін ұстауына, көркемдік тартымдылығына, сондай-ақ, ұлттық құндылықтардың қамтылуына да ерекше тоқталып отырды. Нәтижесінде, халықтық вокал бойынша татар ұлтының өкілдері Диляра Гарифуллина мен Загида Рахимова, хореография бойынша орыс ұлтының өкілі Наталья Черногорова мен татар ұлтының өкілі Хадиша Султанова, аспаптық саз бойынша Аружан Қоңырбаева мен орыс ұлы Владимир Сорокин жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, орыс этномәдени бірлестігінің «Калинка» би ансамблі, корей этномәдени бірлестігінің «Ариран» мен «Сальмунори» би ансамбльдері де жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жүлдегерлер дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.