«Бешбармак» десе-ақ, бетімізді басамыз
«Бешбармак» десе-ақ, бетімізді басамыз
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ауызекі әңгіме барысында, кейбір әсіресе орыс тілді мерзімдік басылым беттерінде ұлттық асымыз – етке қатысты «бешбармак» деп айтылып, жазыла қалса-ақ, есті қазақтың қай-қайсысы да «бұл не бейбастақтық» деп шамданыңқырап қалатыны жасырын емес. Ол аздай, осы күні республикалық телеарнадан Нұрлан Абдуллин мен Жанар Айжанова секілді қазақ тілінің «жоқ-жітігін түгендейді» дейтін әншілеріміз «Бешбармак» шоуын жүргізіп, ет асудан жарыстар ұйымдастырып жатқанын көргенде, бетімізден басатын болдық. Жергілікті телеарналардағы «жүгіртпе жол» жарнамаларында да кейбір тойханалардың «Бешбармакқа» тапсырыс қабылдайтындығы тұрғысында жазылып жатыр. «Шала қазақтарымыз» да етті көбінесе осылай атағанды жөн санап жүр. Бұл не? Танымал асымызға бағзы кездері түсінбестікпен телінген осы бір жанама атауға құптау білдіру ме? Ана тіліміздің бұлайша шұбарлануына, ұлттық асымыздың атауы көрінеу бұрмалануына әсте жол бермеуге тиіспіз. Қазақы қонақжайлылығымыз, кеңпейілділігіміз базбіреулер тарапынан осылай «бағаланып» жатса, не жорық? Бүгін қазекеңнің бас тағамын «бешбармакқа» айналдырсақ, ертең басқасының да бейнелі, сұлу атауларынан біртіндеп айырыла береріміз анық қой. Сондықтан, бұл мәселені ас мәзірлерімізді ұлықтаудан бастағанымыз жөн. Тойханаларда қонақтарға ет тартылуы салтанатын «торт беруден» де асыра ұйымдастыру, түрлі деңгейде ұлттық ас мәзірлеріміз байқауларын жүйелі өткізіп тұру сияқты. Ал «бешбармакқа» қатысты оны өзінің төл атауымен «ет», «ет асу» деп атауды көпшілікке кеңірек насихаттап, тіпті ЮНЕСКО-ға дейін ұсынып, ұлттық тағамымыз ретінде патенттеп, бекітіп алсақ қайтеді, осы?!
Ақсақалдар алқасы атынан: Өтебай Ақболатов, Тұрысбек Шарбадаров, Әзімхан Пошқұлов, Немат Нілдібаев, Ерсайын Егеубаев, Әбдіқадір Әбілдаев, Оразбек Өскенбаев.
Тараз қаласы.