білікті мұғалімдер көбеюде
білікті мұғалімдер көбеюде
Елімізде кембридждік оқыту теориясы 2012 жылдан бастау алғаны белгілі. Бүгінде бұл үрдісті оқыту, үйрету арқылы мұғалімдердің педагогикалық шеберлік деңгейін көтеру жұмыстары біздің өңірімізде де қарқынды жүзеге асырылу үстінде. Осынау заманауи тәрбиелеу мен оқыту әдісінің 7 модулі оқушылардың білімге қызығушылығы мен өзіндік сана-сезімінің, ой-идеяларының қалыптасуы мен қиындықтан өздігінен шыға алу қабілеті деңгейін анықтау және дамыту арқылы оларды мәдениеттілікке, ұлттық салт-дәстүрлерімізді қастерлеуге, ұлтжандылыққа, имандылыққа, ынтымақты, көпшіл болуға баулып, тәрбиелеуге бағытталған. Былтыр біз де Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Педагогикалық шеберлік орталығының облыстық филиалы ұйымдастырған оқу курстарында біліктілік деңгейімізді көтердік, нәтижесінде, бірінші деңгейлі мұғалім ретінде сертификатқа да ие болдық. Мектебіміз бұл орайда биыл аудандағы үлгі-тірек орталығы болып белгіленіп, оған жетекшілік ету өзіме жүктелгенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, мектептің осы жаңалықты дамыту мақсатында құрылған «Даму» тобының мүшелері, екінші деңгейлі мұғалімдер Р.Мұратаева, А.Тоғайбаев, Д.Нұрымбаева, тағы басқаларының еңбектері аудан көлемінде жоғары бағалануда. Осы орайда серіктес мектептермен бірлесе «Жуалы таңы» желілік қоғамдастығын құрдық. Көп болып жұмылу арқылы мектептерде сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісін жолға қоя алсақ, еліміздің өзіне сенімді, тәрбиелі, білімді, белсенді, өмірге құштар, отансүйгіш азаматтарын тәрбиелеп шығаратынымызға бек сенімдіміз.
Аманғали НАРЫМБЕК, №2 Мыңбұлақ орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі.
Жуалы ауданы.