Саясат

Елбасының саясатын қолдай беремін

Елбасының саясатын қолдай беремін

.Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіндегі депутаттық топқа, саяси партияларға мемлекеттік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына ел Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге бастама көтеру туралы Үндеуін мұқият оқып шықтым. Ассамблея мүшелерінің бұл бастамасы құптарлық, қолдауға тұрарлық жағдай деп түсінемін. Шын мәнінде қазіргі дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың тұсында бір жылда яғни 2016 жылы Президенттік және Парламенттік қос бірдей сайлауды қатар өткізуден мемлекетіміздің бюджетіне ауыр салмақ түсетіні анық. Сондықтан ел Президентінің сайлауы биыл 2015 жылы өткізілгені дұрыс. Елімізде сонау 2007 жылдан бастау алған әлемдік қаржы дағдарысына, өткен жылдың соңына қарай мұнай бағасының құлдырауына қарамастан ел экономикасын оның ішінде әлеуметтік салалар бағытындағы қолға алынған жұмыстарды үдемелеп арттыра түсуге бағыт-бағдар беріп отырған еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жаңа президенттік мандат беру туралы мәселе көтерілгені орынды деп бағалаймын. Әлемдік экономикалық дағдарыстың жақын қалғанын сезген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оның алдын алып, 2014 жылдың аяқталуын күтпей-ақ «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын халыққа жариялады. Бұл Жолдауда ұлттық қордан қомақты қаржы бөлініп, инфрақұрылым саласы қолға алынатындығы, сөйтіп әлемдік дағдарыс тұсында халқымыз тұрақты жұмыстармен қамтылатындығы туралы айтқанын оқып біліп отырмыз. Мұндағы айтпағым, осындай қиын-қыстау күрделі кезеңде, халқының тұйықтан шығудың жолын тауып, болашақтың бағдар шамын іздестірумен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасына топтасып, оның жүргізіп отырған ішкі, сыртқы саясатын қолдауымыз қажет деп білемін. Еліміздің қазіргі ахуалына қарап мен шүкіршілік етемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш жағдайда өмір сүрудеміз. Жұмыс істеймін, кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржысы жоқтарға азды-көпті несиелер беріліп, жұмысын дөңгелетіп, өзінің тұрмыс-жағдайларын жақсартып жүрген азаматтар көптеп саналады. Ал зейнет жасындағы біз сияқтылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, мемлекеттік қызметтің басы-қасында жүрген азаматтар, ұстаздар мен дәрігерлер өздерінің еңбекақылары мен зейнетақыларын айма-ай уақтылы алып отыруымыз мемлекетіміздің іргетасының мықтылығы, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының дұрыстығының нәтижесі дер едім. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ұсынған Президент сайлауын мерзімінен бұрын яғни биыл – 2015 жылы өткізу туралы бастамасын бар ықыласыммен қолдайтынымды білдіремін. Осыған отандастарымды шақырамын.

Бектұрған Жамбабаев, ардагер журналист.

Меркі ауданы.