Саясат

Таразға «Тайқазан» келе жатыр...

Таразға «Тайқазан» келе жатыр...

Ордалы оңтүстіктен, нақтырақ айтқанда Мағжан ақын «Ер Түріктің бесігі» деп жырға қосқан Түркістан қаласынан бастау алған «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы наурыз айының алғашқы күндерінде жайнаған Жамбыл жерінде жарасымды жалғасын таппақ. Біздің облысымыз эстафетаның басты символы- «Тайқазанды» Алматы қаласынан қабылдап алады. Кеше облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалық етуімен өткен жиында маңызы терең, мәні зор осы шараны өткізу мен ұйымдастыру мәселесі сөз болды.

– Баршаға белгілі, бүгінде облыс көлемінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналған іс-шаралар басталып, белсенді жүргізілуде. Мерейтойлық шараларға облыстың барлық аудандары атсалысуда. Биылғы 6 ақпанда біз Ассамблея жылының бастау алуына арналған синхрон-акцияны да жақсы өткіздік. Барлық аудандарда бұл іс-шараға тұрғындардың үлкен бөлігі қамтылды. Осы жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, аянбай атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз. Алдымыздағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы да бізден осындай үлкен ұйымшылдықты талап етеді, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Белгіленген кесте бойынша Алматы қаласының басшылығы 1 наурыз күні «Тайқазанды» жамбылдық делегацияға салтанатты түрде табыс етеді. Осы күні кешкісін эстафета қатысушылары Қордай ауданына атбасын бұрып, 2 наурыз күні Мойынқұм, Шу, Меркі өңірлерінде болады. Келесі күні Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы аудандарын бетке алмақ. Ал 4 наурызда Сарысу, Талас, Жамбыл аудандарын аралап, 6 наурызда Тараз қаласына келіп тоқтайды. – Эстафетаның басты міндеті – ең алдымен тұрғындардың аз қамтылған бөлігіне жәрдемдесу, жақсы істер атқару. Сондықтан да іс-шараға аудан тұрғындарының басым бөлігі қатысу керек. Осы күндері аудан басшылығы міндетті түрде ірі кәсіпорындар мен бизнесмендер ұйымдастыра отырып, ізгілікті іс көрсетуі керек. Ол үлкен ауқымда болуы тиіс. Барлық жерде аз қамтылған азаматтардың, мүгедектердің тізімін жасап, ірі кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеген жөн. Мүмкін біреуге тоңазытқышын жөндеп беру керек шығар. Бір тұрғынның үйінің шатырынан су ағып жатқан болар. Енді бірі есігінің алдындағы қоқысты шығарып беруге көмек сұрар. Осының бәрін креативті тұрғыда ойластыру керек. «20 ізгі іс» ұғымы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай символикалық үлгіде таңдалып алынған. Жақсы істер эстафетасы облысымызда жыл бойы жалғасатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Е. Манжуов. Сонымен қатар Ерқанат Нұрбапаұлы селекторлық режімде аудан әкімдерімен байланысқа шығып, қандай шаралардың қолға алынып жатқандығын сұрады. Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікенов эстафетаны қабылдау шараларының ойластырылғанын, оның аясында кәсіпкерлерді тарта отырып, аз қамтылған 10 отбасына теледидар сияқты сыйлықтар тапсырылғалы жатқанын айтты. Сонымен қатар 20 отбасына тегін отын түсіріп беру көзделуде екен. Е.Манжуов байланыс барысында қандай аудандарға көмек керектігін де сұрап, әкімдерге нақты тапсырмалар берді. Эстафета аясындағы шаралар Тараз қаласында қорытындыланады. 6 наурыз күні «Тайқазан» Алматы облысының делегациясына тапсырылуы керек. Осы салтанатты рәсім қалай және қандай форматта жүзеге асырылады? Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Лариса Лысова, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров, тағы да басқа азаматтар өз ойларын ортаға салды.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».