Мерекелік леп Жуалыға да келіп жетті
Мерекелік леп Жуалыға да келіп жетті
Жеңіс пойызы Тараз қаласынан шыққан бетте ауданымыздағы алғашқы темір жол бекеті Күркіреусу стансасына келіп тоқтады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған үгіт-насихат тобын Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары әсем әнмен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Күркіреусу бекетінің алдында өткен шағын митингіде Ақтөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілиас Дүйсебай сөз сөйлеп, аталық ақ батасын берді. Бұдан кейін Жеңіс пойызы Сұрым стансасында болып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, ауыл шаруашылық азық-түлігін арзандатылған бағамен саудалады. Жеңіс пойызы түс ауа аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы Боранды (Бурное) стансасына келіп тоқтады. Станса алдында митинг болды. Митингіні Б.Момышұлы ауылының әкімі Бақыт Қалышбаев ашты. Аудан тұрғындарын Жеңіс пойызының төрағасы, Жамбыл темір жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков құттықтап, үгіт-насихат тобының мақсатымен таныстырды. Одан кейін Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдікерім Жолдасов пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай сөз сөйледі. Олар Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл шараға ризалықтарын білдіріп, Жеңіс пойызының көрсеткен қызметіне аудан тұрғындары атынан алғыс айтты.
Марат Құлибаев, журналист.
Жуалы ауданы.