Құқық

Түрмеге сәлем-сауқат әкелудің де реті бар

Түрмеге сәлем-сауқат әкелудің де реті бар

ЖД-158/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға сәлем-сауқат әкелген азаматтар жазбаша өтініш беріп, рұқсат алғаннан кейін заттардың салмағы өлшеніп, есепке алу журналына тіркеледі. Айту керек, келген тұлғаларға мекеменің ішкі тәртібінде көзделмеген заттар, құжаттар, киімдер, азық-түліктер туралы алдын ала ескертіліп, ондай дүниелерді тиісті орынға тапсыру ұсынылады. Пенде болған соң кейбір азаматтар тыйым салынған заттарды әртүрлі амалдармен алып өтуге талпынып жатады. Алайда, бұл әрекет үшін келуші азаматтар заң жолымен жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық атқару кодексінің 98-бабының 3 және 4-тармақтарының талаптарына сәйкес, тыйым салынған заттар табылған жағдайда оны мекеме әкімшілігі тәркілейді. Азамат алып өтуге әрекет ету фактісі расталған жағдайда ұзақ мерзімді кездесуге келген адамдар дереу шығарылып, кездесу тоқтатылады. Аталмыш баптың үшінші бөлігінде көрсетілген тәртіпке сай, әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдар сот қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жылға дейін сотталғандармен кездесу құқығынан айырылады. Сондай-ақ, жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 481-бабының талаптары бойынша тәртіп бұзған азаматтар сотталғандармен кездесу мүмкіндігін жоғалтумен қатар мемлекет пайдасына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Осы талапты бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда 20 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Жанболат Жұмалиев, режим бөлімінің аға жедел уәкілі, әділет майоры.

Тараз.