Ғасыр жекпе-жегі бола ма?
Ғасыр жекпе-жегі бола ма?
Мейвезер – Пакьяо кездесуін жақыннан көргісі келген мықтылар 65 мың доллар шығындайды
Ұзақ күткен келісім-шартқа қол қойылды. Иә, мамандар ғасыр жекпе-жегі атаған Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо арасындағы кездесу биыл өтеді. PPV дәрежесіндегі ең құнды жекпе-жекті кез-келген адам көре алмайды. Бұл кездесудің нәтижесіне қарамастан, Флойд Мейвезер 150 миллион АҚШ долларын қалтасына басса, Мэнни Пакьяо 100 миллион АҚШ долларын иеленеді. Міне, кәсіпқой бокс пен бизнестің байланысын осы жерден анық аңғаруға болады. Иә, әлемнің қазіргі таңдағы нөмірі бірінші боксшысы (47 кездесудің бәрінде жеңген) Флойд Мейвезер мен кәсіпқой бокста сегіз салмақтың чемпионы атанған аңыз боксшы Мэнни Пакьяо арасындағы супер жекпе-жектің VIP билеті 65 мың доллар тұрады. Ал екінші мамырда өтетін бұл кездесуге қатардағы билеттер көп сатылмайды. Сатылымға шыққан жәй билеттің өзінің құны 10 мың долларды құрайды. Ол аз десеңіз, жеке шотыңызда 250 мың доллардан кем емес қаражатыңыз болмаса, бұл кездесуді көзіңізбен көре алмайсыз. Талап сондай. Филиппин азаматы Мэнни Пакьяо бұл кездесуге бұрыннан зәру болса да, Флойд Мейвезердің түрлі сылтауы салдарынан 7 жыл бойы өткізілмей келе жатқан кездесу биыл өтетін болды. Осы жекпе-жектен кейін АҚШ боксшысы Флойд Мейвезер карьерасын аяқтауы мүмкін деген де сөздер бар. Жеңілмейтін Флойдты Пакьяо тізе бүктіретініне оның жанкүйерлері сенімді. Дегенмен, боксшылар отбасынан шыққан кіші Мейвезердің өзі Мэнниді нокаутқа жіберем деп жүр. Бәрін уақытында көрерміз.