Экономика

“Энерджи-Тараз” өнімдері өтімді

“Энерджи-Тараз” өнімдері өтімді

Өткен жылдың соңында еліміздегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аяқталды.Осы уақыт аралығында ол еліміздің даму дәуіріне жасаған нық қадамы мен экономикалық стратегиямыздың бір тетігіне қаланған кірпіштей бола алды. Бағдарлама аясында еліміз өзіндік тәжірибесі мен сырт елдерден алған үлгісі арқасында талай инновациялық жобаларды жүзеге асырды. Мобильді және мультимедиалық технологиялар, нано және ғарыштық технологиялар, гендік инженерия, болашақтың қуат көздерін іздеу сынды жобалар бүгінде біздің елде бастау алған. Сондықтан бұл саланың жұлдызы жақын болашақта жанатыны анық.

Олай дейтініміз, елімізде Елбасымыздың бастамасымен бүгінде отандық өнімдерді қолдауға бағытталған жақсы дәстүр қолға алынып отыр. Яғни, «Қазақстанда жасалған» брендін насихаттауға мемлекеттің өзі мүдделілік танытып келеді. Оның өзіндік себептері көп, ең бастысы – өз тауар өндірушілерімізді ғаламдық дағдарыс қыспағына қалдырмау. Сол үшін базардан немесе дүкеннен не алсақ та ең бірінші отандық өнімге қол созу – қазақстандықтардың азаматтық арына сын болып тұр. Еліміздің энергетика саласына инновациялық жаңалық енгізе алған компанияның бірі – «Энерджи Тараз» ЖШС-ы. Ол компанияның негізі 2001 жылы Тараз қаласында қаланған. Жоба бүгінгі заманның барлық талабына жауап бере алады. Айналаға қарасақ, қазір шағын кәсіпкерлік субъектілері мен ірі кәсіпорындар қайта жанданып, олардың қатары артып келеді. Бұл – елді қуантатын жағдай. Алайда, энергетика саласы үшін қиындықтар туғызатыны анық. Неге? Өйткені ол кәсіпорындарға электр энергиясы көп мөлшерде қажет. Осы орайда «Энерджи Тараздың» алға қойған мақсаты мен оның ұстанымы отандық энергетиктердің көңілінен шығуда. Бұл компания өндірісінің ең басты көздегені – энергияны үнемдеу. Сондықтан ол жерде шығып жатқан автоматтар, жарықдиодты шамдар мен үстел шамдары, генераторлар мен стабилизаторлар, түрлі аспаптар мен кабель, кабельді арматура, коммуникациялық құрылғылар, сымдар, изоляторлар, электресептеуіштер сынды көптеген өнімдер негізінен қуатты шығындамау принципімен жұмыс істейді. Серіктестіктің басты мақсаты да сол – тұтынушыларды қуат үнемдеуші құралдармен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету. Бүгінде кәсіпорын жылына 15 мың шам шығаруға қауқарлы. Бұл – оның өндірістік қуаты. Зауытта Еуропалық кеңес пен Оңтүстік Корея, Түркия сынды дамыған елдердің қондырғылары орнатылған. Компания 2013 жылы «Қазақстанның үздік тауары» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Алғашында, үш-ақ адаммен жұмысын бастаған кәсіпорында қазір отыздан аса адам еңбек етіп жатыр.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,  «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.