Құқық

Жаңа төраға тағайындалды

Жаңа төраға тағайындалды

Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми облыстық соттың ұжымымен кездесу барысында облыстық соттың жаңа төрағасы Рүстем Мырзакәрімұлы Алшынбаевты таныстырды. Жиынға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, облыстық сот корпусының өкілдері, сот қызметкерлері, өңірдегі ішкі істер және прокуратура органдарының басшылары қатысты. Басқосуда Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми Рүстем Мырзакәрімұлының кәсіби судья, тәжірибелі басшы екендігін, еліміздің бірқатар өңірлерінде алқа төрағасы болып қызмет еткендігін, оның Жамбыл облыстық сотының төрағалығына тағайындалғанға дейін Алматы қалалық сотының алқа төрағасы болып қызмет атқарғандығын атап өтті. Еліміздің бас судьясы, сондай-ақ, Жамбыл облыстық сотының бұрынғы төрағасы Марғұлан Жұбанышұлы Бектұрғановтың Атырау облыстық сотының төрағасы болып тағайындалғандығын, оның сот төрелігінің сапасын арттыруға және сот беделін нығайтуға үлкен үлес қосқандығына да тоқталды. Жиын соңында Жоғарғы Сот Төрағасы Республика Президентінің еліміздің сот билігі жүйесіне жүктеген міндеттердің үдесінен шығу аясында облыстағы судьялар корпусының алдында тұрған басым бағыттарды және Сот жүйесінің 2015-2017 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарын жүзеге асыру барысындағы басты міндеттерді айқындап берді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».