Саясат

Мемлекет мүддесімен өзектес бастама

Мемлекет мүддесімен өзектес бастама

20Надежда НЕСТЕРОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы көтерген Қазақстан Президентін сайлауды мерзімінен бұрын өткізу мәселесі – ел мүддесімен өзектес, уақыт сынымен сабақтас бастама. Елбасы сайлауын алдын ала өткізу – экономикалық және саяси қажеттілік. Бүгінгі таңда алпауыт елдердің өзін ойландырып отырған қаржылық дағдарыс қарқындамай сайлау өткізіп алу – ел бюджеті үшін ғана емес, тыныштығы мен тұрақты дамуы үшін де тиімді. Болжам бойынша, дағдарыстың шарықтау шегі 2016-2017 жылдарға сәйкес келмек. Оның үстіне, уақыт пен алыс-жақын мемлекеттердегі саяси тұрақсыздық тәуелсіз еліміздің адымды алға басуын, қалыптасқан ішкі-сыртқы саясатының одан әрі қарай жүйелі жалғастырылуын талап етіп отыр. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Президенттік сайлаудың биыл өткізілуі елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Себебі, бұл сайлау сыртқы экономикалық дағдарыстың кері ықпалын табысты еңсеруге көмектеседі деп ойлаймын. Әрине, заң бойынша Елбасы ғана сайлауды тағайындай алады. Шешім шыққаннан кейінгі 2 ай ішінде сайлау өтуі тиіс. Сайлаудың өзіне келетін болсақ, «өткел үстінде ат ауыстырмайды» деген ұстаным бар. Дәл қазіргі таңда Елбасын қолдау – елдікті қолдау. Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіздік тарихын елімен бірге жасасып келе жатқан тарихи тұлға. Бүгінгі басшының көрегендігі мен келешекті болжай алатын ерекше қасиетінің, сабырлы саясатының нәтижесінде бүгінде Қазақ елі Мәңгілік Ел болу жолында алға қарай қарышты адымдап келеді. Әлемнің 69 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып отырған Қазақстан дос сүйсініп, дұшпан күйінетін жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Өткен жылдың аяғында жариялаған халыққа Жолдауында Елбасы Үкіметке нақты тапсырма беріп қана қоймай, проблемалардан шығудың жолдарын да нақтылады. Президентке стратегиялық мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беруіміз керек. Дәл қазіргі уақытта біз дұрыс таңдау жасауымыз шарт. Татулықтың темірқазығына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Нұрсұлтан Әбішұлының сайлауға түскенін қалайды және оны толық қолдайды. Жүрегі елім деп соққан Елбасының қайта сайлануы еліміздегі тұрақтылық пен даму факторының негізі. Бұл – халық тілегі. Ел басқару – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Сондықтан, Елбасын таңдау – елтанымдылық пен ынтымақ-бірліктің ерен үлгісі. Айту керек, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – феномен, дүниежүзілік саяси аренадағы басшылар санасар сыйлы саясаткер. Ұлттық құндылықтарды бағалай, әлемдік саяси оқиғаларды бағамдай алатын, табиғатынан талантты басшы. Ақылдылығы мен алғырлығын, терең білімі мен тәжірибесін ел мүддесіне жұмсап келе жатқан ізденімпаз жан. 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды түзуі оның алысты болжай алатын көрегенділік қасиетін танытты. Ол осы күнге дейін берген уәделерін орындады, орындап та келеді. Бұдан кейін де ел үшін қызмет етпекті басты мақсат етіп ұстанары ақиқат. Біз тек қолдаймыз. Астана қаласы.