Саясат

ӨРЛЕУІМІЗДІҢ КЕПІЛІ

ӨРЛЕУІМІЗДІҢ КЕПІЛІ

16Байтуған Рыспанов, Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Естіп, біліп, көріп отырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен үстіміздегі жылы Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы Үндеу жарияланды. Ол қос палаталы Парламенттегі депутаттардың тарапынан да қолдау тапты. Үндеуді түрлі саяси партиялардың жетекшілері де мақұлдауда. Әсіресе, ардагерлер бұл ұсынысқа түгел қосылады деп ойлаймын. Өйткені, біз өзінің әр сөзіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, елім десе ет жүрегі езілетін, елімен етене Елбасының мемлекетімізді жақсылықтарға бастай беретініне талай мәрте куә болып келеміз. Мәселен, алысқа бармай-ақ қояйық, Жаңатас қаласының бес-алты жыл бұрынғы жай-күйі қандай еді? Елбасының тікелей тапсырмасымен шағын қалалардың инфрақұрылымын жақсарту үшін қыруар қаржы бөлініп, қаламыз қазір аяғынан қаз тұрып келеді. Кәсіпкерлік қанат жаюда. Ауыл шаруашылығын қолдау жылдан-жылға жақсара түсуде. Кім немен айналысамын, жаңа кәсіптің түрін ашамын десе – мемлекет тарапынан қолдау жасалатынын да байқаудамын. Ең бастысы – елімізде тыныштық, ұлтаралық қатынас арасында ешқандай дау-дамай атымен жоқ. Осылардың барлығы Қазақстанды Мәңгілік Елге айналдырамын деген Елбасының тікелей еңбегі. Ендеше, сайлау күні белгілі болған күнде халықтың дұрыс таңдау жасайтынына кәміл сенемін.

Сарысу ауданы.