Бақыт Тоқсанбаева,облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі келер жылы өтуі тиіс Президент сайлауын осы жылы кезектен тыс өткізуді өте орынды қозғап отыр. Бұл бастаманың ел ертеңі үшін маңызы зор десек, қателеспейміз. Мұндай ұсынысты көпшілік күтпегені рас. Алайда, бұл – ел келешегіне алаңдайтын әрбір азаматтың көкейінде жүрген ой екені анық. Еліміздің түкпір-түкпірінде талқыға түсіп, зор қолдауға ие болып жатқан бұл үндеудің өркендеп өсіп келе жатқан мемлекетіміздің одан әрі дамуына тигізер ықпалы да орасан деп ойлаймын. Ол ғана емес, бұл сайлауды өткізу Қазақстан қоғамындағы саяси тұрақтылықты, бірлікті, татулықты сақтай отырып, ұлтаралық, конфессияаралық келісімді нығайтуға, оның беріктігін сақтауға барынша ұйытқы болатыны даусыз.
Сайлау өткізу—біздің әлемді шарпыған дағдарысқа қарсы әрекеттеріміздің бірі болады деп түйсінгеніміз ләзім. Қазіргі әлемдегі тұрақсыз ахуал біздің шұғыл шешімдер қабылдауымызды талап етіп отырғаны бәрімізге мәлім. Президентіміз өз тәжірибесінде көрсетіп жүргендей біз тиімді шараларды дер кезінде қабылдауда алдыңғы шепте болғанымыз дұрыс!
Бүгінде егемен елімізді төрткүл дүние мойындап отыр. Елімізді осындай дәрежеге жеткізген Елбасының ерен еңбегін осы тұста ескермей өтуге болмайды. Біз әлем елдерін қыспаққа алып отырған дағдарыс Қазақстанға да көлеңкесін түсірмей қоймайды десек, ондай сындарлы сәттен алып шығатын тұңғыш Президентіміз болмақ. Біз осыған сенеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуін қолдаймыз.
Тараз қаласы.