Әлеумет

«ЖЕҢІСКЕ ТАҒЗЫМ» ПОЙЫЗЫ

«ЖЕҢІСКЕ ТАҒЗЫМ» ПОЙЫЗЫ

ҚАРАТАУ, ЖАҢАТАС ҚАЛАЛАРЫНА АТБАСЫН ТІРЕДІ

Ай басынан бері Талас және Сарысу аудандарының тұрғындары мерекеден кенде емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді. Өткен аптаның соңы мен апта басында «Автокеруен-2015» келіп, тұрақтандыру қорынан базардағыдан арзан бағамен азық-түлік тауарларын сатып кеткен-ді. 14Оның алдында «Жеңіске тағзым» акциясының құзырымен «Қамқорлық пен денсаулық» керуені келіп, екі аудандағы 18 соғыс ардагеріне тегін дәрігерлік көмек көрсетіп, майдангерлердің ақ батасын алды. Енді міне, бейсенбі күні «Жеңіске тағзым» пойызы Қаратау қаласына атбасын тіреді. Оны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат бастап келді.

Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне дәрігерлік көмек көрсетуді әрі қала халқына арзан бағамен азық-түлік тауарларын ұсынуды мақсат тұтып келген ақпараттық топ мүшелерін қала жұртшылығы салтанатпен қарсы алды. Жиналғандар алдында Талас ауданының әкімі Б.Рысмендиев сөз сөйлеп, адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуына байланысты өткізіліп жатқан іс-шаралардың мақсатына тоқталды. Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат сөз алып, ешкімнің де есімі, ерлік ісі ұмытылмауы тиіс, дей келе: «Майдангер соғыста өлмейді, оны естен шығарсаң ғана өледі» деген тәмсілді мысалға келтіріп, майдангерлердің ерлігі ұрпаққа ұран болуы тиіс екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ, жиында аудандық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Т.Сейдуанов сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің маңыздылығына жұртшылықтың назарын аударды. Жиыннан соң Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында облысқа танымал өнер шеберлері концерт қойып, пойыздағы жоғары санаттағы дәрігерлер майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін қабылдап, дәрігерлік тексеруден өткізді. Бағасы арзан азық-түлік түрлері қала жұртшылығына ұсынылды. «Жеңіске тағзым» ақпараттық-үгіт пойызы кешке қарай Жаңатас қаласында болып, қала жұртшылығы өкілдерімен кездесу өткізді. Онда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат, аудан әкімінің орынбасары Қ.Әукенов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қ.Әбілев сөз сөйлеп, алдағы келе жатқан Жеңістің 70 жылдығымен жиынға қатысушыларды құттықтады. Содан кейін дәрігерлер майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін қабылдап, 32 адамның денсаулығын тексерді, ақыл-кеңес берді. Аудан және облыс орталығы өнер шеберлерінің қатысуымен шағын концерт қойылды. Бұдан соң қала тұрғындары арзан азық-түлікке сауда жасап, себеттерін толтырып үйлеріне қайтты.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қаратау, Жаңатас қалалары.