Шешуі қиын түйінді де шешіп берді
Шешуі қиын түйінді де шешіп берді
Алтынбек САДЫРБАЕВ, «Сенім» Корпорациясы» ЖШС бас директоры.
Жылқы жылы еліміз және облысымыз үшін табысқа толы болды. Саралап, салмақтап айтатын болсақ, әр саланың өз жетістігі бар. Оны облыстың 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінен көріп-біліп отырмыз. Аймақ басшысы Кәрім Нәсбекұлының облыс тұрғындары алдында берген есебінде де көрсеткіштер барынша кеңірек айтылды. Облысымыздың былтыр қол жеткізген ауыз толтырып айтарлық жетістігі ретінде Көксай каналының іске қосылуын ерекше атап өтуге болады. Өткенге көз тастасақ, сонау кеңестік кезеңде пайдалануға берілген бұл су жүйесі нысанын ағайынды қазақ пен қырғыз елі ортақ мақсаттағы кәдесіне жаратып келген. Канал екі елдің егін алқаптарын сумен нәрлендіріп келген еді. Дегенмен, 1991 жылы құжатпен бекіткен тәуелсіздігімізді іс жүзінде дәлелдеу үшін мемлекетаралық шекараны белгілеп, кейіннен оны нақты іске асыру жұмыстары жүргізілгенде «Көксайдың» бір бөлігі көршіміздің жерінде қалған еді. Міне, осы себепті канал арқылы келетін су бірде келіп, бірде бітеліп шаруаларға біраз кесірін тигізген. Әрине, ағайындыққа салып бітімге келгенмен, түптеп келгенде канал тұтастай өзіңе тиесілі болмайынша мәселе шешілмейтіні белгілі болған. Сөйтіп, облыс басшылығының бастамасымен Үкімет жобаны қолдап, «Көксай» каналы құрылысын жүргізуге көлемді қаржы бөлінді. Нақты айтсақ, Үкіметтің шешімімен құрылыс нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, ол бойынша 5,4 миллиард теңге қаржы қарастырылып, жоба сараптамадан өткеннен кейін 5,2 миллиард теңге бөлінді. Еліміздің Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитеті нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік конкурс жариялаған болатын. Осы конкурста біздің фирма мен «Жігер – 2004» ЖШС жеңімпаз атанып, өзімізге тиесілі нысандар бойынша құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жеке қадағалауына алған бұл нысан дер кезінде пайдалануға беріліп, облыс ауыл шаруашылығындағы үлкен жаңалық болды. Сөйтіп, Жуалы ауданындағы өзге елден келетін суға деген тәуелділік жойылды. Тараз қаласы.